preloader

Жаңалықтар

Ораза айт құтты болсын, ағайын!

Ораза айт құтты болсын, ағайын!

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Қадірлі қауым! 

Сіздерді күллі мұсылман баласының ұлық мерекесі – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын, ардақты ағайын! Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға береке тілеймін. Алла Тағала бәріміздің мерейімізді үстем етсін!

Ораза айт – сый мен сияпатқа, құрмет пен нығметке, шексіз сауапқа бөленетін сәт. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза айт күні періштелер жер бетіне түседі де әр жолдың басында тұрып: «Уа, мұсылман қауымы, Раббыларыңа асығыңдар! Сендер түнді намазбен, күндізді оразамен өткізуге бұйырылғанда амал етіп, Раббыларыңа бойсұнғандарың үшін Алла сендерді үлкен сауап пен толассыз нығметке бөлейді. Сол үшін өздеріңе тарту етілген сыйлықтарыңды алыңдар» деп дауыстайды. Ал ораза айт намазын оқып болғаннан кейін бір періште адамдарға былай дейді: «Шүбәсіз жаратқан Раббыларың күнәларыңды кешті. Үйлеріңе Алланың жолынан адаспаған күйде оралыңдар! Расында бұл күн жер мен аспан әлемінде сый-сияпатқа кенелу күні деп аталады» деген.

«Айт» сөзі – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналарды білдіреді. Исламдағы ұлық мейрамдар мұсылман қауымының, барша адамзаттың жүрегіне қуаныш сыйлауға үндейді. Айт күні отбасын, ағайын-туысты, көмекке мұқтаж адамдарды, қарттар мен қараусыз қалған балаларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды қуандырудың сауабы мол. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай, парыз амалынан кейінгі ең абзал амал – мұсылманның жүрегіне қуаныш ұялату. Адам баласы өзгені қуандыру арқылы өзі де қуанышқа бөленеді.       

Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…» дейді. Жаратушы Жаббар Иеміз баршамызды екі дүние қуанышы мен нығметіне бөлегей. 

Ораза айт мерекесі құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ пен береке, бірлік пен татулық тілеймін. Алла Тағала сіз бен бізді келесі Рамазанға дейін аман-есен жеткізіп, мол сауапқа кенелуді нәсіп еткей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, 

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти