ҚАДІР ТҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Қадір түні құтты болсын!
Қасиетті Қадір түні мүбәрак болсын! Алла Тағала ұстаған оразаларыңызды, жасаған құлшылық-ғибадаттарыңызды қабыл еткей. Қадір түнінің қадірін біліп, осы бір қасиетті түннің барлық артықшылықтарын толыққанды сезініп, пайдалы болар сәттілік пен берекені қабылдай білуді Алла тағала біздерге нәсіп етсін. Бұл түнде дүние мен ақырет үшін жасалған дұғалар мен тілектердің қабыл болатындығын ескере отырып, өзіміздің барлық қателіктеріміз бен күнәларымызды кешіруді сұрап, Аллаға деген шынайы тәубемізді жасайық.
Түннің «Қадір» деп аталуының өзінде терең мән бар. Бұл түнде қадірлі үмметке қадірлі Кітабымыз түскен. Үмметтің қадірлі болатындығы Пайғамбарымыз (с.а.с.) мәңгі сапарға аттанарда, Жәбірейіл періштеден өз үмметі туралы сұрағанда, ол Алла елшісін (с.а.с) екі нәрсемен сүйіншілеген болатын. Жәбірейіл періште: «Алла Тағаланың жәннатына Сен кірмейінше ешбір пайғамбар кірмейді және сенің үмметің кірмейінше ешбір үммет жұмаққа кірмейді» деп сүйіншілеген еді. Олай болса, бұл түнде қадірлі үмметтің қадірлі пайғамбарына қасиетті Құран түсті.
Қадір түнінің ең басты ерекшелігі – бұл түнде күнәлардың кешірілуі, жүректердің тазаланып, Алланың мейірімі мен рақымына бөленетін сәттердің көп болуы. Осы қасиетті түнде дұға ету арқылы біз өзімізді рухани жағынан байытып, Алланың разылығын табуға тырысуымыз қажет. Мұндай мүмкіндіктер өмірде санаулы ғана рет кездесетінін ескеріп, осы түннің әрбір сәтін пайдалануымыз өте маңызды.
Қадір түнінде жасалған дұғалардың қабыл болатынын ескеріп, біз өзіміздің жақындарымызға, туған-туысқандарымызға, достарымызға Алланың мейірімі мен бақыты болуын тілеп дұға жасайық. Алла Тағала әрбіріміздің жүрегімізді тазалап, мұқтаждықтарымызды өтеп, тыныштық пен бақытты өмір берсін!
Бұл түнде әркімнің дұғасы қабыл болар, әрбір жүрек жақсылыққа толар, әрбір ниет Алланың разылығына жетер деп сенемін. Қадір түні – күнәларымыздан арылып, жақсылыққа бет бұратын сәт. Сондықтан, бұл түнде дұға етіп, Аллаға жақындап, өзіміздің мінез-құлқымызды түзетуге ұмтылып, сауапты амалдар жасауға тырысайық.
Алла Тағала бізді жарылқап, біздің барлық амалдарымызды қабыл етсін. Әрбірімізге сауапқа толы, рухани тазалыққа жетелейтін сәттілік тілеймін! Қадір түні құтты болсын!
Алматы облысының бас имамы
Мадияр қажы Тағайбайұлы


