preloader

Жаңалықтар

Қапшағай орталық мешітінде «Имани жаз – 2025» жазғы сауат ашу курсы басталды

Қапшағай орталық мешітінде «Имани жаз – 2025» жазғы сауат ашу курсы басталды

Алматы облысы, Қонаев қаласындағы Қапшағай орталық мешітінде жаздың шуақты күндерінде жүрекке иман нұрын себетін «Имани жаз – 2025» атты дәстүрлі жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын бастады. Алғашқы курсты Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы өткізді. Жеткіншектерге рухани тәрбие беруді көздеген бұл игі бастама — балалардың жазғы демалысын пайдалы әрі тағылымды өткізуіне таптырмас мүмкіндік.

Курс аптаның дүйсенбісінен жұмасына дейін күнделікті өткізіледі. Сабақтарда балаларға Ислам дінінің негізгі қағидалары мен әдептерін үйрететін «Имандылық әліппесі» оқулығы негізгі бағдар ретінде бекітілді. Бұл кітап арқылы жас шәкірттер имандылықтың алғышарттарымен танысып, жүрекке жол табар асыл құндылықтарды бойына сіңіреді.

Сабақтар барысында балаларға:

Ата-анаға құрмет көрсету,

Үлкенге ізет, кішіге қамқор болу,

Қоғамдағы жақсы мінез-құлық пен көркем әдеп,

Араб әліпбиін тану және Құран әріптерін оқу сынды маңызды тақырыптар кеңінен түсіндіріледі.

Сондай-ақ, балаларға дін мен дәстүр сабақтастығы жайлы, ұлттық құндылықтар мен рухани байлығымызды сақтау туралы тағылымды дәрістер оқылады. Имандылық пен тәрбие сабақтары ойын және тәрбиелік шаралармен ұштастырыла өткізіліп, жас буынның жан-жақты дамуына жол ашылады.

Бас имам жас шәкірттерге бұл курстың жүрекке иман, санаға сәуле, өмірге бағыт беретін рухани мектеп. Бұл — болашақтың дініне берік, ұлтына адал, тәрбиелі ұрпағын тәрбиелеудің жарқын үлгісі екендігін жеткізді.