ҚАРАСАЙ АУДАНЫ: РУХАНИ-ТАНЫМДЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ
Алматы облысы өкілдігінің “Ихсан және уағыз- насихат” бағытына жауапты маман, Ербол Серікбайұлы “Ихсан — рухани тәрбие негізі” тақырыбында Қарасай ауданы имамдары мен ұстаздарына арналған рухани-танымдық семинар өтті.
Тың ойлар қозғалған, талғамы ерек семинар барысында мұсылманның иманын бекемдеп, құлшылығында ықыласты ететін Ихсан ілімінің адам өміріндегі мән- маңызына тоқталды. Спикер, ұстаз Ербол Серікбайұлы тіршілігін ихсанмен өрбіткен мүмін-мұсылман өзінің үлгілі іс-амалымен әрдайым ізгіліктің жаршысы болатындығын аят-хадистерден мысал келтіру арқылы саралап берді.
Ихсанның рухани ілім екендігінен бөлек, ихсан — нәпсі тәрбиесі, әдеп негізі, жақсылық ілімі секілді тақырыптар аясында арнайы презентация қорғалды.
Ұстаздар мен имамдарға арналған тағылымды жиынды қорытындылай келе, Ербол Серікбайұлы: “Ихсан ілімінің алғашқы сабағы ренжітпеуден басталып, соңы ренжімеуден аяқталады” деген ізгілер сөзімен түйіндеді. Жақсылық насихатталған ізгілер жиыны “еліміз тыныштықта, жұртымыз амандықта болғай” деген бата- тілекпен аяқталды.