preloader

Жаңалықтар

ҚМДБ төрағасы қажыларды ұлы сапарға шығарып салды

ҚМДБ төрағасы қажыларды ұлы сапарға шығарып салды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы халықаралық әуежайында қажыларды қасиетті мекенге шығарып салды.

Бас мүфти ұлы сапарға аттанып бара жатқан қажыларға сәт-сапар тілеп, бес парыздың бірі қажылық құлшылығының мән-маңызына тоқталды.

«Алланың қалауымен, Хақ Тағаланың шақыртуымен қасиетті Қағбатуллаға қажылыққа аттанып барасыздар. Алла сапарларыңызды мүбарак етсін! Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаман сөз сөйлемей, күнәлі әрі орынсыз ешнәрсе жасамай, Аллаға қажылық жасаған адам анасынан жаңа туғандай (күнәсіз) оралады» деген. Ендеше осы ұлы сапарда Алла Тағала барша отандастырымызға Өзінің жеңілдігін беріп, аман-есен елге оралуын, көркем құлшылық жасауды нәсіп етсін!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ ұлы сапарға жиналған қажыларға Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Файсал бен Ханиф әл-Кахтани ақ жол тілеп, қажылық парызын аман-есен өтеп келулеріне тілектестігін білдірді.

Айта кетейік, биыл елімізден 4000 адам қажылық парызын өтейді. Отандастарымызға 18 қажылық компаниясы қызмет көрсетеді. ҚМДБ жанынан құрылған Қажылық миссиясы ұйымдастыру-үйлестіру, алғашқы медициналық көмек, уағыз-насихат, пәтуа беру, ақпарат тарату жұмыстарымен айналысады.