ҚМДБ төрағасы республикалық конференцияға қатысты
Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Арыстан баб және ихсан тағылымы» тақырыбында өткен республикалық ғылыми-танымдық конференцияға қатысты.
Конференция жұмысында баяндама жасаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кездері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазақ даласынан шыққан дін қайраткерлері мен ғұламаларының өнегелі өмірін, ихсан ілімін барынша халыққа насихаттап келеді. Бүгінгі басқосуымыз соның тағы бір айғағы деп атар едім. Біздің байырғы бабаларымыз Исламның дамуына өзіндік үлесін қосып кетті. Солардың бірі бүгінгі конференция тақырыбына арқау болған ұстаздардың ұстазы – Арыстан баб. Ол – Қазақстан мен Орталық Азия аумағында Ислам дінінің таралуына ықпал еткен, Исламның сопылық бағытының негізін салушылардың бірі және Түркістан, Сайрам, Отырар өңірлеріндегі сопылардың рухани ұстазы болған белгілі тарихи тұлға. Ендігі мақсат – осындай тұлғаларымызды жастар арасында көбірек насихаттау. Өйткені тарихын таныған, дәстүрін білген адам өзінің ұлттық құндылықтарына қарсы шықпайды. «Халықты оятқың келсе, оның тарихын оят» деген сөз текке айтылмаса керек» деді.
Айта кетсек, «Көрме» орталығында өткен конференцияға Шәмшәдин Керім, Досай Кенжетай, Төрәлі Қыдыр, Мұхитдин Исаұлы сынды ғалымдар қатысып, баяндама жасады.