ҚМДБ төрағасы тарауық намазында жамағатқа насихат айтты
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен тарауық намазында жамағатқа насихат айтты.
Мешіт жамағатын Рамазан айының келуімен құттықтап, ұлық айдың маңызына тоқталды.
«Рухани кемелдену айы – Рамазанда барынша әдепсіз әрекет пен қате-кемшіліктен арылуды көздеген адам әдеп білмес жандардың дөрекі әрекеттерін кешіріп, сыпайы түрде «мен оразамын» деп кешірім жолын ұстанады. Кісінің кемшілігіне сабыр ету де – үлкен сауап. Алла Тағала «Шура» сүресінің 43-аятында: «Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы», – деп баяндалған.
Аштық пен шөлге төзіп, Алла разылығын алуды шынайы ниет еткен адамға берілетін сый мен құрмет ерекше болмақ. Алла Тағала құдси хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы», – деген.
Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаббатына бөленетін ай. Берекелі, сауабы мол айда Алланың мейіріміне бөленіп, әрбір ізгі амалымыздың жақсылығы еселеніп жазылғай!» деді Бас мүфти.
ҚМДБ Төрағасы намаз соңында жамағатпен бірге еліміз бен жеріміздің амандығы үшін дұға жасады.