ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ ЗАРДАБЫ
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мустафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Адам баласын екі дүниеде де зиянға ұшыратып, бақытсыздыққа душар ететін рухани дерттердің бірі – құмар ойнау. Алла Тағала Қасиетті Құранда құмар ойынға тыйым салып:
> «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар – лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал, сонда да тыйылмайсыңдар ма?»
(«Мәйда» сүресі, 90-аят)
Ойынға араласқан әр ойыншының мақсаты – жеңіске жету. Ал жеңіс бір адамға ғана бұйырады. Демек, құмар ойынның кесірінен бірнеше адам ашуға булығып, шайтанның арбауына түседі, адам өлтіріп, тонауға дейін барады. Қазақ «Жығылған күреске тоймайды» дегенді бекер айтпаса керек. Ұтылған адам жеңістен үміттеніп жүріп, ойынхананың тұрақты келушісіне айналғанын да аңдамай қалады, барынан айырылады, қарызға батады. Ақыры соңында отбасынан, ағайын-туыстан қара үзіп, аш-жалаңаш қалады.
Тіпті жақынын жатқа сатып, тапқанын құмарға тігіп, үйінен, мал-дүниесінен, бала-шағасынан айырылып жатқан адамдар қаншама, мыңдап кездесіп жатады. Ойланбаған от басады, дейді атам қазақ. От басып, есін жиған кезде бәрі кеш екенін сезіп, өз өміріне балта шабатындар да көп.
Бұның бәрі айналып келгенде – білімсіздік пен жеңіл олжаға деген құмарлық. Арақ, құмар ойын ешкімге опа таптырған емес. Көбінесе бұл жолға істер ісі жоқ, болашаққа нақты бір сенімі мен жоспары жоқ адамдар немесе тосыннан келген байлыққа мастанған, дүниесі бар адамдар душар болып жатады. Нәтижесінде бар жиған-тергенінен айырылып, өзін жоғалтып жатады.
Енді біреулер тез байып, басқалардан озғысы келеді. Жылтыраған жарнамаға қызығып, басын былыққа батырады. Қазақ:
> «Өтірік, өсек, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ»
немесе
«Тамағы тоқтық, көйлегі көктік –
Аздырар адам баласын», – деп сипаттайды.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
> «Алла Тағала сендерден мынадай үш нәрсені ұнатпайды:
Өсек айтатын өсекшіні;
Дүние-мүлкін құр босқа шашушыны;
Қажетсіз көп сұрақ қоюшыны», – деген.
Демек, құмар ойын – малыңды босқа шашу. Малың қалмаған соң айналаңдағы адамдарды алдап, өтірік айтып, арбауға апаратын жол. Исламда бұл – тыйым салынған.
Алла Тағала Құранда:
> «Уа, иман келтіргендер! Бір-бірлеріңнің мал-мүліктеріңді арам жолмен жемеңдер! Ал өзара келісіп жасасқан сауда-саттықтың жөні басқа. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді өлтірмеңдер. Алла сендерге өте мейірімді», – десе
(«Ниса» сүресі, 29-аят)
Хадисте Ардақты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
> «Мұсылманға екінші бір мұсылманның мал-мүлкіне, қаны мен ар-намысына қол тигізуі – харам», – деп ескерткен.
Сондықтан, барынша Алла тыйған істен аулақ болып, жақсылыққа жаны құштар болу – әрбір адамның борышы. Алла баршамыздың отбасымызға амандық, денімізге саулық, дінімізге беріктік берсін!


