ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Әссәләму алейкум уа рахматуллаһи уа баракәтуһ, ардақты ағайын, қадірлі жамағат! Алла Тағаланың рақымымен, Елшісі Мұхаммед (с.а.у.) үмбетінің мерейлі күндерінің бірі – Құрбан айт мейрамына аман-есен жетіп отырғанымызға шүкіршілік етеміз. Бұл – тақуалық пен бауырмалдықтың, береке мен мейірімнің, сабыр мен шүкірдің мерекесі.
Құрбан айт – Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан қалған сүннет, шариғатта бекітілген ұлы құлшылық. Алла Тағала Құранда:
«Раббымыз! Бізден осыны қабыл ала гөр. Расында, Сен – Естуші, Білушісің» – деп (Бақара, 127), Ибраһим (ғ.с.) мен Исмаил (ғ.с.) пайғамбардың ықылас-пейілін сипаттайды. Бұл – Алланың әміріне деген шексіз мойынсұнудың көрінісі.
Құрбан шалу – Алла разылығы үшін жасалатын маңызды ғибадат. «Құрбандықтың еті де, қаны да Аллаға жетпейді. Бірақ, Оған сендердің тақуалықтарың жетеді» – дейді Ұлы Жаратушы (Хаж, 37-аят). Бұл – әрбір мұсылманның жүрегіндегі ықылас пен ниеттің шынайылығын білдіреді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) хадисте:
«Адам баласы Құрбан айт күні (Алла жолында) қан ағызудан артық сүйікті іс істемеген. Шындығында, ол мал қиямет күні мүйізімен, жүн-жұрқа, тұяғымен келеді. Расында, құрбандықтың қаны жерге тамбай тұрып, Алла құзырында қабыл болады. Сондықтан оны шын ықыласпен орындаңдар» – деген. Бұл хадис құрбандықтың тек рәсім емес, үлкен сауап есігі екенін айғақтайды.
Бұл күн – мұқтажға қол ұшын созатын, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен байланыс нығая түсетін күн. Бірлік пен мейірім салтанат құратын, жүрекке иман жылуы орнайтын ұлық мереке.
Құрметті мұсылман қауым! Құрбан айт мейрамы әрбір отбасына шаттық, жүректеріңізге тыныштық, елімізге амандық алып келсін! Жаратушы Иеміз жасаған барлық ізгі амалдарыңызды қабыл етсін! Құрбан шалып, ниеттенген жандардың құрбандығын қабыл алып, үйіңізге береке, өміріңізге игілік сыйласын!
Айттарыңыз қабыл болсын! Құрбан айт құтты болсын!
Алла Тағала ел мен жерімізді аман, бірлігімізді баянды етсін!
Алматы облысының бас имамы
Мадияр қажы Тағайбайұлы


