preloader

Жаңалықтар

Құрбан айт құтты болсын!

Құрбан айт құтты болсын!

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Құрметті Алматы облысының тұрғындары және қонақтары!

Баршаңызды мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын. Айт қабыл болсын!

Расында, оның негізгі мәні – пенденің Аллаға деген адалдығын көрсетуі және дәлелдеуі, мал-мүлкін Оның разылығы үшін құрбан етуді үйренуі һәм Жаратушымыздың мейірімін сезінуі. Яғни, Құрбан айт мерекесі бізге мынаны еске салады: Алла Тағалаға жақындау үшін Оған барынша шүкіршілік етіп, өзгелерге жақсылық жасауымыз керек.

Құрбан айттың шынайы мақсаты – құрбандық малының қанын шығару емес, оның етіне мұқтаж жандарды қанықтыру, күнәлардан тазару және Алла Тағалаға шүкіршілік ету болып табылады. Сол себепті қазақ жерінде Құрбан мерекесінің басталуына тек мұсылмандар ғана қуанбайды: мұқтаж адамдар өздерінің ұлттық және діни сеніміне қарамастан өз үлесін алады.

Ардақты ағайын!

Алла қаласа биыл да елімізде құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта өтеді. Діни басқарма ел азаматтарына, әсіресе қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған Qurban2024.kz сайтын іске қосты. Барша мұсылман қауымын мүфтияттың «Раббың үшін құрбан шал» қайырымдылық акциясына үлес қосып, сауапты істерде белсенді болуға үндеймін.

Сауаптар еселеніп жазылатын Құрбан айт күндері жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Осы ретте әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, мұқтаж жандарға көмектесуге бағытталған қайырымдылық шараларына барынша қолдау көрсетуге шақырамын.

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық беріп, ізгі ниетпен шалатын құрбандықтарымызды қабыл еткей. Әмин!

Мадияр қажы Тағайбайұлы,

Алматы облысының бас имамы