preloader

Жаңалықтар

РАМАЗАН – МЕЙІРІМ МЕН ШАРАПАТ АЙЫ

РАМАЗАН – МЕЙІРІМ МЕН ШАРАПАТ АЙЫ

Рамазан – ислами құндылықтар мен рухани кемелдіктің биік шыңына жетелейтін, Алланың ерекше рақымы төгілетін мүбәрак ай. Бұл қасиетті кезеңде мұсылмандар ораза тұтып, нәпсіні тізгіндеп, жүректерін иман нұрымен нұрландырады. Ораза – тек тәнді астан тыйып қана қоймай, ойды, жүректі және рухты тазарту арқылы ішкі дүниені кемелдендірудің аса маңызды мектебі.

Рамазан айының түпкі мәні – мейірімділік, қайырымдылық және жанашырлық қағидаларын өмірге ендіру. Жаратушы Иеміз Қасиетті Құранда: “Ал кімде-кім титтей ғана жақсылық жасаса, оның сыйын көреді” (әз-Зилзәлә сүресі, 7-аят) – деп баяндайды. Осы айда мұқтаждарға қол ұшын беру, жетім-жесірлерге қамқор болу, көмекке зәру жандарға жәрдемдесу – әрбір мұсылманның ардақты міндеті. Өйткені бұл ай – сауаптар еселенетін, әрбір игі амалдың қайырымы молаятын ай.

Ораза – адамның сабырын шыңдап, рухани тұрақтылыққа жетелейтін ұлы құлшылық. Хадисте: “Ораза – сабырдың жартысы” (Ибн Мажа) делінген. Бұл қасиетті ай – ашу мен нәпсіні тежеудің, жаман ойлардан арылып, өзін-өзі тәрбиелеудің таптырмас мүмкіндігі. Осы кезеңде мұсылмандар ауызашар ұйымдастырып, садақа таратып, қоғамда бауырмалдық пен жанашырлықтың үлгісін көрсетеді.

Рамазан – тек мейірімділік айы ғана емес, кешірім мен шарапат айы. Бұл айда Алла Тағала құлдарына шексіз рақымдылығымен жақындап, олардың жасаған игі амалдарына еселеп сауап жазады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): “Рамазан айында кімде-кім шынайы сеніммен әрі сауаптан үміт етіп, ораза ұстаса, оның барлық өткен күнәлары кешіріледі” (Бұхари, Муслим) деген. Демек, Рамазан – күнәлардың кешірілуіне себепкер болатын үлкен нығмет.

Қорыта айтқанда, бұл ай – мейірім мен кешірімге, сабыр мен шүкірге, қайырым мен ынтымаққа жетелейтін қасиетті уақыт. Әрбір мұсылман Рамазанның шарапатты күндерін бос өткізбей, өз руханиятын нығайтып, Алланың разылығына бөленуге ұмтылуы тиіс. Жасаған дұғаларымыз қабыл, амалдарымыз сауапты, Рамазанымыз мүбәрак болсын!

 

Талғар ауданы, Достық мешіті имамы Ербол Серікбайұлы