РАМАЗАН ОРАЗАНЫҢ ШАРИҒАТТАҒЫ ОРНЫ
РАМАЗАН ОРАЗАНЫҢ ШАРИҒАТТАҒЫ ОРНЫ
Бұл тақырып бірнеше бөлімдерді қамтиды:
Барлық қауым ораза ұстауға бұйырылған.
{يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ}
Алла Тағала Құранда: «Уа иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер»,- дейді.
Аталмыш аят Мұхаммед үмметі мен басқа қауымдарға да ораза ұстау жалпылама шариғат ретінде түсірілгендігіне дәлел болады. Өйткені ораза – адамзаттың негізгі игілігі мен сол арқылы Алла құзырында үлкен мәртебеге кенелуі. Сондықтан Алланың «бәлкім тақуа боларсыңдар» деген сөзі бізді осы хикметке жетелейді. Яғни, «бәлкім сендер ораза ұстауларың себепті тақуалықтың дәрежелеріне жетерсіңдер» деген мағынаға саяды. Ораза көптеген жаман әдеттерден сақтайды. Мәселен, денені аурудан, нәпсіқұмарлықтан, ақылдың неше-түрлі күмәндарға түсіп қалуынан, жүректің күнәға бойалдыруынан. Алла қаласа бұл турасында кейбір тақырыптарда айқындалатын болады.
Алланың шариғаты түсірілген күллі қауымға ораза ұстау парыз еткені жайлы Имам Тирмизи риуаят еткен Алла Елшісінің мына хадисі дәлел: Сахаба әл-Харис әл-Әшғаридан жеткен хадисте Пайғамбарымыз былай деді: «Расында, Алла Зәкәрияның ұлы Яхияға (Пайғамбар) бес сөзді амалға асыруға әмір етті. Кейін ол Исраил ұрпақтарына да осы аманатты жасауға бұйырды. Адамдар Құдыс мешітіне жиналған сәтте мешітке адамдар сыймай, биік-биік орындарға отыра кетті. Кейін Яхия Пайғамбар былайша сөзін бастады: (Шынында, Алла мені бес сөзге амал етуімді және сендердің де сол сөздерге амал жасауларыңды бұйырды.
Біріншіден, Алладан басқа ешкімге жалбарынбау. Құдайға серік қосудың мысалы – бір адамның таза алтын немесе таза күміспен құл сатып алғандығы сияқты. Сосын оған: “Мынау менің жерім мен дүниелерім, жұмыс істеп тапқаныңды маған беріп отырасың” деп келісіп, артынан құл барлық тапқан-таянғанын бастығына емес, бөтен біреуге берсе, онда қандай әмірші осындай құлы болғанына қуанады?!
Екіншіден, Алла сендерге намаз оқуларыңды бұйырды. Егер намазда болсаңдар жан-жақтарыңа жалтақтамаңдар! Өйткені бетін құбыла жақтан бұрған адамнан Алла теріс айналады.
Үшіншіден, Алла сендерге ораза ұстауды әмір етті. Ораза ұстаған пенденің мысалы – бір топ адамның ішінде әрі өзімен бірге хош иіске толы дорбасы болғаны себепті әлгі дорбадан шыққан иіске қасындағы адамдардың таң қалулары сияқты. Ораза тұтушының аузынан шыққан иіс – Алланың құзырында хош иісті әтірден де жағымдырақ.
Төртіншісі: Садақа беруге жарлық қылды. Садақа берушінің мысалы – бір адам дұшпанды тұтқынға түсіріп, қолын мойнына дейін байлап, өлім жазасына кескелі жатқан кезде, әлгі дұшпан: “мен сендерге барлық дүние мүлкімді беріп, салық төлеймін” дегеніне ұқсайды. Сөйтіп дүниесін сарф еткені үшін оны өлтіруден бас тартады.
Бесіншісі: Алланы әрдайым еске алу. Зікір айтушының мысалы – бір жауынгердің ізіне жаулары түскеніндей. Егер өте күшті қамалға келіп жасырынса, онда өзін сол жаулардан аман алып қалары сөзсіз. Сол секілді пенде де шайтанның азғыруынан Алланы еске алуы арқылы құтылады». Ораза Құдай заңдылықтарында бар амал. Алайда әр қауымға уақыты мен саны әр түрлі баяндалған.
Мәселен, кейбір шариғат түсірілген қауымдарда жыл бойға ораза ұстау парыз етілген. Бұл Нұх пайғамбардың әкелген шариғаты. Себебі олардың дене-бітімдері өте күшті болған. Ал кейбір қауымдар елу күн ораза ұстаған. Міне осылай кете береді.
Сонымен қатар ораза ұстаудың уақыттары мен сандары адамдардың табиғаттарына қарай сан алуан. Расында, шүбәсіз Пайғамбар Мұхаммедтің үмметі (сондай ең абзал үмметтен саналған) жылдың ең шарапатты айында ұстауға бұйырылды. Бұл еш күмәнсіз – Рамазан айы. Осы арқылы Алла Рамазан оразасының кемелдігі мен адамзат мүддесінің үлкен құрметке ие екендігін көрсеткісі келді.
Имам әл-Бәззәр Әбу Сағидтан «марфуғ» түрде риуаят етілген хадисте: “Айлардың мырзасы – Рамазан айы, ал ең құрметке ие ай – Зул-Хиджа”,- делінген. Имам әт-Табари Абдулла ибн Масғудтан: “Айлардың сұлтаны – Рамазан, күндердің мырзасы – жұма”,- деген хадисті риуаят етті.
Рамазан айының парыз етілуі.
قال الله تعالى : {شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ فَمَنْ شَهِدَ مِنْكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ وَمَنْ كَانَ مَرِيضًا أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِنْ أَيَّامٍ أُخَرَ يُرِيدُ اللَّهُ بِكُمُ الْيُسْرَ وَلا يُرِيدُ بِكُمُ الْعُسْرَ وَلِتُكْمِلُوا الْعِدَّةَ وَلِتُكَبِّرُوا اللَّهَ عَلَى مَا هَدَاكُمْ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ}.
Алла Тағала Құранда былай деді: «Рамазан айы – адамзатты тура жолға бастаушы, айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түскен ай. Араларыңнан кімде-кім Рамазан айына аман-есен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін».
Имам Бұхаридың сахихтер жинағында сахаба Әнәстан жеткен хабарда ол: ”Біз Алла Елшісімен бірге мешітте отырған едік. Бір уақытта түйеге мінген бір кісі түйесін шөктіріп, кейін оны байлап болғаннан соң мешіттің ішіне кірді де былай деп сөзін бастады:
Сендердің іштеріңде оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын Мұхаммед деген жан бар ма?,- деп сұрады. Сонда біз:
Сүйеніп отырған мына аққұбалау келген кісі,- деп жауап бердік. Әлгі кісі:
Уа Әбдүмүтәліптің баласы!,- деп шақырған уақытта, Пағамбарымыз оған:
Не сұрасаңда міндетті түрде жауап беремін,-деп тіл қатады.
Расында, мен саған дөрекі түрде сұрақ қоямын, бірақ сен өзіңнің нәпсің үшін ашуға берілме!,- деді. Пайғамбарымыз:
Қандай нәрсе ойыңды мазалап жүрген?,- деп сұрады.
Алла Тағала сені күллі адамзатқа Елші етіп жіберді ме?,- деді.
Әлбетте барлық адамзатқа Елші етіп жіберді,- деп Алла Елшісі жауап берді.
Алланың атымен ант ете отыра сұрайын, Алла саған күніне бес уақыт намазға тұруды бұйырды ма?,-дегенде, Алла Елшісі:
Әлбетте!,- деп жауап қайтарады.
Алланың атымен ант ете отыра сұрайын, саған Алла осы айда ораза ұстауға әмір етті ме?,- деп сұрады, сонда Алла Елшісі:
Әлбетте!,- деп жауап береді.
Алланың атымен ант ете отыра сұрайын, саған Алла зекетті байларымыздан алып, кедейлерімізге таратып беруді парыз қылды ма?,-деген кезде, Алла Елшісі:
Әлбетте!,- деді. Сонда кенеттен келген бейтаныс адам:
Шүбәсіз һәм сенің Алла құзырынан келген Пайғамбар екендігіңе куәлік еттім,- деді”.
و قد عد النبي صلى الله عليه و آله و سلم صيام رمضان ركنا أساسيا من أركان الإسلام فقال: (بني الإسلام على خمس : شهادة أن لا إله إلا الله ، وأن محمدا رسول الله ، وإقام الصلاة ، وإيتاء الزكاة ، وحج البيت ، وصوم رمضان).
Сол себепті Пайғамбарымыз (Алланың оған және отбасына игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айында ораза ұстауды исламның негізгі алғышарттарынан деп санап: «Ислам діні бес негізден тұрады: Алладан басқа Тәңір жоқтығына және Мұхаммедтің Алла жіберген шынайы елші екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, (шамасы келсе) қажылыққа бару»,-деген. Бұл хадис Имам Бұхари мен Имам Муслим сахихтер жинағында келген.
Үзірсіз Рамазан оразасын тастаған адамға ескерту.
Пайғамбарымыздың хадистері ауырып қалған, сапарға шыққан адам және тағы басқа да белгілі жағдайлары бар адамдардан басқа үзірсіз Рамазан оразын тәрк еткен пенделерге өте қатаң ескертулер жасайды.
عن أبي هريرة رضي الله عنه أن رسول الله صلى الله عليه و سلم قال : «من أفطر يوما في رمضان دون عذر لم يقضه صيام الدهر وإن صامه».
Имам әт-Тирмизи, имам Әбу Дәуіт, имам ән-Нәсәи сахаба Әбу Һурайрадан жеткен хадисті риуаят етеді: Расында Алла Елшісі былай деді: «Кімде-кім үзірсіз ауырып қалған, сапарға шыққан және тағы басқа да белгілі жағдайлары бар адамдардан басқа үзірсіз Рамазан оразын тәрк еткен пенделер күллі жыл бойы ораза ұстаса да жоғалтқан оразаларының қазасын өтей алмайды».
Ғұламалар осы хадис төңірегінде сөз қозғап, былай топшылаған: ораза ұстамаған пенде Рамазан айының абзалдығынан, оның берекесі мен тазалығынан құр қалады. Тіпті қаза болған күндерін мойынынан түсіріп, Құдай міндеттеген кәфәрат оразасын өтесе де, барлық жақсылығынан құр қалған адамның кейпінде болады.
Алматы облысының бас имамы : Пірімқұлов Мадияр