Салиқалы ұрпақ тәрбиелеу – сауапты іс
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні – мейірімге толы мереке. Себебі баланың қуанғанынан, оның шат күлкісінен артық ештеңе жоқ. Біз үшін балаларымыздың болашағы маңызды. Өйткені олар – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын нағыз кемел ұрпақ. Сондықтан оларға сапалы білім, жақсы тәрбие беру – бізге міндет.
Біз «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды» деген Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзін көкейіне мықтап түйген, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген ұстанымға мықтап бекінген халықпыз.
Бабаларымыз бұрыннан Құдайдан қорқатын перзент тәрбиелеп, балаға ең алдымен имандылық тәрбиесін сіңіруді көздеген. Себебі Алланы таныған салиқалы перзент ата-анасын қадірлейді, қоғамда орны бар өз ісінің маманына айналады.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Баланың әкесіндегі құқықтарының бірі – жақсы әдеп пен жақсы есім», – деген. Осы сүннетті берік ұстанған бабаларымыз перзентіне жақсы есім қойып, жақсы тәрбие беруге тырысқан. Себебі балаға жас кезінде берілген тәрбие жас шыбықты игенмен бірдей.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Адам дүниеден өткенде оның үш нәрсесінен – тоқтаусыз садақасы, таратқан білімі және салиқалы ұрпағының дұғасынан басқа барлық амалы тоқтайды», – деген болатын. Демек салиқалы ұрпақ өсіру – сауабы мол іс.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді бабаларымыз. Ендеше, ұлттың болашағын ойласақ, ұрпақ тәрбиесін ұмытпағанымыз абзал! Балаларымыз бақытты болсын!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти