САРБАЗДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Облыстың бас имамы арнайы іссапармен екі күнге Ұйғыр ауданына келіп, ел шебін күзеткен шекара қызметкерлерімен кездесу өткізді. Ел қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген сарбаздармен жүздесу барысында тағылымы мол, мазмұны терең ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізілді.
Кездесу аясында имам сарбаздарға Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, жат діни ағымдардың арбауына түсіп қалмаудың жолдары, деструктивті идеологиялардан сақтану және олардың алдын алу шаралары туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар, қоғамның дертіне айналған құмар ойындарының зияны жайлы да нақты деректер келтіріп, жас буынды одан аулақ болуға шақырды.
Жылы жүздесу барысында сарбаздар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, толыққанды әрі тұшымды жауап алды. Екі күнге созылған бұл тағылымды кездесуге Райымбек шекара басқармасынан 150 сарбаз және 10-ға жуық әскери қызметші қатысып, рухани серпіліс алды.



