Жамбыл ауданы: Шарапаты мол Шағбан айында ауызашар берілді
Алматы облысына қарасты Жамбыл аудандық «Шынасыл» мешітінде Шағбан айының құрметіне орай ауызашар дастарханы жайылып, ғибратты отырыс өтті.
Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) «Адамдардың көпшілігі Ережеп пен Рамазан айларының ортасында мән бермей кететін ай» деп, сахабаларына үлгі болып ең көп ораза ұстайтын мезгіл осы Шағбан айы болған. Сондай-ақ, Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай дүйсенбі күніне орай жайылған дастарқан қонақтарының қатары көңіл сүйсінтіп, көз қуантты.
Дін қызметкерлерімен мешіт жамағаты бас қосқан берекелі дастархан басында келелі уағыз айтылып, келген жандар рухани азыққа да молынан кенелді.
Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар» деп өсиет еткен екен. Осылайша бұл отырыс жиналған қауымның қасиетті Рамазанға деген сағынышын еселеді.