preloader

Жаңалықтар

ШҮКІРШІЛІК ТЕ – ҒИБАДАТ

ШҮКІРШІЛІК ТЕ – ҒИБАДАТ

Шүкіршілік те – ғибадат

Шүкірлік ету адамның өзіне жасалған жақсылық үшін ризалығын білдіріп рахмет айтуы. Өзіне берген нығмет үшін Алла алдында қарыз екенін білу.

Қасиетті Құран Кәрімде Нәміл сүресінің 40-аятында:

«…Кімде-кім  шүкір етсе, өзі үшін еткен болып табылады. Кімде-кім күпірлік етсе, күмәнсіз Раббым ешкімнің шүкіріне мұқтаж емес»-деп ескертуде.

Жалпы, шүкірлік етуді үш тұрадан қарастыруға болады:

Тілмен шүкірлік ету

Бұл жақсылық пен нығмет, ризық пен жәрдем беруші Аллаһ Тағалаға мадақ айту. Яғни, шүкірлік еткенімізді тілмен білдіру.

Іс-әрекетпен шүкірлік ету

Бұл жақсылық пен нығмет, ризық пен жәрдем беруші Аллаға айтар алғысымызды іс-әрекетімізбен жеткізу. Әлбетте, бұл Оның ризалығына сай әрекет арқылы ғана орындалады.

Жүрекпен шүкірлік ету

Бұл нығмет беруші Алланы тану және Оны растап, Оған бойсұну. Шүкірлік етуде осы үш негіз болмаса, жасалған шүкірлік кемшілікті болып саналады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Айша анамызға былай деген:

«Әй, Айша, Жәбірейлдің (а.с.) маған хабар беруі бойынша Алла Тағала Қиямет күні мақлұқатты жинаған кезде біреуден жақсылық көрген құлына:

– Саған жақсылық істеген адамға рахмет айтып па едің? – дейді екен. Ол:

– Уа, Раббым! Маған көрсетілген жақсылықтың Сенен ғана келгенін білгендіктен, тек Саған шүкіршілік еттім, – дейді. Сонда, Алла Тағала:

– Ол жақсылықтардың саған жетуіне себепші болған құлыма шүкір етпейінше, Маған шүкір еткен болып саналмайсың, – дейді» (Әли әл-Муттақи).

Сонымен қатар, шүкірлік пенденің Аллаға деген құрметін білдіретін және Оның адындағы дәрежесін көтеретін көркем мінезділік ерекшеліктерінің бірі екенін де атап өткен жөн. Дегенмен, мұндай қасиетті бойына жинаған адамдар қазірі таңда өте аз екені шындық.

Қасиетті Құран Кәрімде: «Құлдарымның ішінде лайықты түрде шүкір етушілер өте аз» (Сәбә сүресі, 13-аят).

Шүкірлік етушілерге Аллаға жақындық ұсынылып, жоғары дәрежедегі нығметтер берілсе, ал, шүкірлік етпегендерден бойындағы жақсы қасиеттер мен даналық кері алынып, бар нәрседен мақұрым болады.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) барлық жағдайда да, әрбір іс-әрекет жасағанда да Аллаһқа мадақ айтып, шүкірлік еткен. Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.а.у.) секілді шүкірлік етіп, сан мың нығмет пен амандық бергені үшін Раббымызға ризалығымызды білдіруіміз керек.

Бұрынғылар «азға шүкірлік етпегеннің, көпке қолы жетпес» деген екен. Яғни, азға қанағат қылғанға, Аллаһ Тағала мына дүниеде молшылықты, ақиретте жәннаттың нығметтерін нәсіп етеді. Шүкірлік етудің де құлшылыққа жатарын бірі білсе, бірі білмейді.

«Шүкір етуші құлдарым аз» деген аяттағы «аздардың» бірі болуға талпынып, қолдан келгенше әрекет жасау керек. Қандай жағдайда болмасын, шүкір етпеген адам, соңында жақсылықтан жұрдай болатынын естен шығармағанымыз абзал болар.

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қалалық «Әзірет Омар» мешітінің имамы Нұрбосынов Ғани Бейсенұлы