preloader

Жаңалықтар

ТАЛҒАР АУДАНЫ: «ИСЛАМДАҒЫ ӘЙЕЛ ӘДЕБІ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

ТАЛҒАР АУДАНЫ: «ИСЛАМДАҒЫ ӘЙЕЛ ӘДЕБІ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

ҚМДБ Алматы облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен Талғар ауданында «Исламдағы әйел әдебі» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді.

Семинар-тренингке республикалық деңгейде танымал ислам шеңберіндегі психолог, коуч-тренер Мәрзия Бекайдар шақырылды. Алматы облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жауапты маманы Назерке Әкішқызы әйелдер үшін аталмыш шараның өте маңызды екендігін атап өтті. Шара басында сөз алған Талғар ауданының бас имамы Ерқанат Серікұлы алдағы уақытта осы бағыттағы шаралар қолға алынып, көбірек ұйымдастырылатынын сөзге тиек етті.

Семинар-тренинг қасиетті Құранмен ашылды. Демалыс күнгі тіршіліктеріне қарамастан балаларын қоса ертіп келген әйелдер қауымы шарадан рухани сусындап, дін шеңберінде кеңес алып, алғыстарын білдірді. «Әйел адамның ерімен қатынасы», «Ер азаматтың алдындағы жарының міндеті», «Ислам дініндегі отбасы қарым-қатынасы» секілді тақырыптар кеңінен қозғалып, әйел-келіншектер сұрақтарына мамандардан жауап алды. Шараға ауданға қарасты мешіт ұстаздары да толығымен қатысты. Семинар-тренинг соңында арнайы дастархан жайылып, бата берілді. Дастархан басында Мәуліт айының құрметіне Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтылып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірілді.