preloader

Жаңалықтар

ТАЛҒАР АУДАНЫ: ҚАСИЕТТІ ҚҰРБАН АЙТ

ТАЛҒАР АУДАНЫ: ҚАСИЕТТІ ҚҰРБАН АЙТ

Мерейлі мерекені атап өту – бірлік пен берекенің белгісі. Қасиетті Құрбан айттың алғашқы күнінде Талғар ауданының жұртшылығы ерекше рухани леппен оянды.

Таң сәріден аудан тұрғындары мен қала қонақтары орталық мешітке қарай ағылып, ұлық мерекені қарсы алуға асықты. Осы орайда, Талғар ауданының әкімі Құрбан айтқа арналған кең ауқымды мерекелік шараға арнайы ат басын бұрып, жиналған көпшілікті айтулы мейраммен құттықтады.

Талғар аудандық «Әбу Бәкір ас-Сыддық» мешітінде ұйымдастырылған игі шара қасиетті Құран оқумен басталып, ауданның бас имамы Ринат Маратұлы жиналған қауымды Құрбан айтпен құттықтап, мерекенің рухани маңыздылығына терең тоқталды. Шара барысында Талғар қаласының әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы жұртшылыққа жүрекжарды лебізін білдірді.

Мерекелік бағдарлама аясында бүлдіршіндерге тегін батут, 600 балмұздақ, сондай-ақ әйелдер-қыздар жамағаты әзірлеген 600 дана айт тәттісі үлестірілді. Қонақтарға дәстүрлі палау ұсынылып, ұлттық ойындар мен түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, арқан тарту, қол күрес, эстафеталық сайыстар, сондай-ақ «Дін мен дәстүр 3» кітабы негізінде интеллектуалдық ойындар мен діни сұрақ-жауап бәсекелері өтті.

Жүлделі орындарға қаржылай сыйлықтар мен марапаттар табысталды. Марапаттау рәсіміне аудан әкімі Танат Есенкелдіұлы қатысып, жеңімпаздарды арнайы құттықтап, кубок, медаль және алғыс хаттар тапсырды.

Шара соңында ауданның бас имамы Ринат Маратұлы мерекені ұйымдастыруға атсалысқан мешіт ұжымы мен жамағатына, демеушілерге және барша қатысушыларға жүрекжарды алғысын білдірді.

Құрбан айт – тек құрбан шалудың ғана емес, жан тазалығы мен жүрек кеңдігін ұлықтайтын мейрам. Талғар жұрты бұл жолы да сол асыл дәстүрді ардақтап, ауызбіршілік пен рухани құндылықтың жарқын үлгісін көрсетті.

на