preloader

Жаңалықтар

Талғар ауданында жаңа мешіттің салтанатты ашылуы өтті

Талғар ауданында жаңа мешіттің салтанатты ашылуы өтті

Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Ақдала ауылында жаңа мешіт бой көтеріп, ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілді.

Мешіттің салтанатты ашылу рәсімі Қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Шараға арнайы қатысқан Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы жиналған жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, мешіт салудың үлкен сауапты іс екенін атап өтті. Сондай-ақ қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) мешіт тұрғызуға қатысты сүйінші хадистерін насихат етті. Сөз соңында Алланың жердегі үйін тұрғызуға атсалысқан демеушілерге алғыс білдіріп, ауыл халқы үшін бұл мешіт рухани ордаға айналуына тілектестігін жеткізді.

Келесі кезекте сөз алған Талғар аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Бекбосынов Матан ақсақал мешіттің халық руханиятын дамытудағы, дініміздің өркендеуіндегі маңызына тоқталып, ел бірлігі мен имандылықты нығайтудағы орны ерекше екенін атап өтті.

Шара барысында қатысушы қонақтар мен жамағат бесін намазын оқып, елдің амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады. Салтанатты жиын соңы арнайы жайылған дастарханмен жалғасып, еліміздің игілігі үшін бата берілді.