preloader

Жаңалықтар

ҰЙҒЫР АУДАНЫНА ЖАҢА ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

ҰЙҒЫР АУДАНЫНА ЖАҢА ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Бүгін қасиетті жұма қарсаңында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Алматы облысы Ұйғыр ауданына жаңадан бас имам тағайындалды.

Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы Ұйғыр аудандық №1 мешітінде «Құрандағы тәрбие негіздері тақырыбындағы жұма уағызын жүргізіп, жамағатқа насихат айтты. Қасиетті Құранда мұсылмандарға бұйырған көркем сипаттар, тәрбиелі өсиеттер жайына  тоқталды. Мадияр Тағайбайұлы адам бойында көрініс табуы аса маңызды деп танылған және Құранда айтылған төрт көркем мінезге кеңінен турасында кеңінен тарқатып айтты.

Қасиетті жұма намазына жиналған жамағатқа ҚМДБ Төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен ұйғыр аудандық №1 мешітіне жаңадан бас имам болып тағайындалған Алмат Әбдімүтәліпұлын таныстырды.

Бас мүфти бұйрығында: «Алмат Әбдімүтәліпұлы 2024 жылдың 20 желтоқсанынан ҚМДБ Республикалық  ислами бірлестігінің филиалы Алматы облысы Ұйғыр аудандық №1 мешітіне бас имам болып тағайындалсын», — делінген.

Бас имам мен мешіт жамағаты, ақсақалдар бірге жұма намазын оқып, ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін бата жасады. Жаңадан тағайындалған бас имамның алдағы қызметіне сәттілік тілеп бата берді.

Сондай-ақ, жұма намазынан соң облыстың бас имамы Мадияр Тағайбайұлы Ұйғыр ауданының әкімі Бота Серікқызымен кездесіп, жаңадан тағайындалған имам Алмат Әбдімүтәліпұлын таныстырды. Қос тарап аудан руханияты мен діни ахуал жайында ұсыныстар жайында кеңесті.