preloader

Жаңалықтар

ҰЛЫ ЕРЛІКТІ ҰЛЫҚТАҒАН АС

ҰЛЫ ЕРЛІКТІ ҰЛЫҚТАҒАН АС

Тарихтың қатпарлы беттерінде алтын әріппен жазылған Ұлы Отан соғысы — бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған ерлердің ерлігі. Осындай асыл мұраны ұмытпай, кейінгі буынға жеткізу мақсатында Талғар ауданына қарасты үш ауылдың тұрғындары өнегелі іс жасады.

Қызыл Ту ауылындағы «Ибраһим ХалилАлла» мешітінің хатымханасында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ас берілді. Игі шараны ауыл имамдары мен жамағаттары бірлесіп ұйымдастырған. Құрметке лайық ерлердің рухына тағзым ретінде 400 адамға арналған ас дайындалып, арнайы жылқы сойылды.

Шара барысында ауданның бас имамы Ринат Маратұлы Құран хатымын оқып, жиналғандарға арнап рухани насихат айтты. Ол жастарды ата-баба ерлігін ұмытпауға, олардың өнегелі жолын үлгі тұтуға үндеді. Құран оқылған соң ардагерлердің рухына арнап арнайы дұға бағышталды.

Кейіннен ауыл ақсақалдары мен жастар соғыстан оралмаған және өмірден өткен ардагерлердің зираттарына барып, дұға оқып, бейіт басына тазалық жұмыстарын жүргізді. Бұл – ата-баба аманатына деген құрметтің көрінісі.

Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа тарихты терең танытып, бейбіт күннің бағасын ұғындыру. Ардагерлердің жанқиярлық ерлігі ұмытылмасын, олардың есімі мәңгі ел жадында сақталсын деген ниетпен жасалған тағылымды іс көпшіліктің көңілінен шықты.