preloader

Жаңалықтар

ҰМЫТЫЛМАС ТАРИХ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

ҰМЫТЫЛМАС ТАРИХ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Алматы облысы, Балқаш ауданы, Ақкөл ауылында тағылымды шара өтті. Ел жадында жаңғырып, жүрекке сызат салған «Ақкөл көтерілісі» құрбандарына арналған ескерткіш маңына ауданның ақсақалдар алқасы, аналар кеңесі, ауыл жастары және тұрғындар жиналды.

Жиылған жұрт азаттық пен әділет жолында жанын қиған бабалар рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ауданның бас имамы Нұрдәулет Тоқанұлы Құран аяттарын оқып, зұлмат заманда жазықсыз атылған жандарға бағыштады.

Сол бір қаралы жылдардың куәгері іспетті аға буын өкілдері көтеріліс құрбандарының есімін ұмытпау, олардың ерлігі мен мұрасын келешек ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.

1930 жылы сәуірде Ақкөл жерінде Кеңес өкіметінің ауыр салық саясаты мен озбырлығына қарсы халық бас көтерген еді. «Ақкөл көтерілісі» деп аталған бұл қозғалыс қатігездікпен басылып, ұйымдастырушылардың 11-і ешқандай сотсыз, тергеусіз атылды.

Бүгінде бұл көтеріліс әлі де толық зерттелмегенімен, еркіндік үшін жан қиғандардың рухы – ел есінде, халық жадында.