preloader

Жаңалықтар

ЖАМБЫЛ АУДАНЫ: АУДАН ИМАМДАРЫ ҮМБЕТӘЛІ КӘРІБАЕВ АҚЫННЫҢ МҰРАЖАЙЫН ЗИЯРАТ ЕТТІ

ЖАМБЫЛ АУДАНЫ: АУДАН ИМАМДАРЫ ҮМБЕТӘЛІ КӘРІБАЕВ АҚЫННЫҢ МҰРАЖАЙЫН ЗИЯРАТ ЕТТІ

Жамбыл ауданының имамдары “Ислам және Отбасы құндылығы” жылы аясында Үмбетәлі Кәрібаев ақынның мұражайын зиярат етті.

Шара барысында ақын Үмбетәлі Кәрібаев атамыздың немересі Искаков Әуелбек Мұсаханұлы зиярат етіп келген имамдарды күтіп алып, мұражайды толықтай таныстырып шықты. Соңында аудан имамы Бақыт Абдиисламұлы Үмбетәлі Кәрібаев атамыздың өзі тұрған шаңырағында атамыздың рухына арнайы құран бағыштап, дұға жасады.

Үмбетәлі Кәрібаев

Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаев 1889 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында дүниеге келіп, 1969 жылы 80 жасында дүниеден озған.
Үмбетәлі Кәрібаев қазақ ауыз әдебиетінің ірі өкілі ретінде танылып, 13-14 жасынан ұлы Жамбылдан бата алып, көпшілікке ақын болып танылады. Ақынның өмірі кеңестік дәуірге дейін және кеңестік дәуір кезеңін қамтиды. Үмбетәлінің жастық шақтағы жырлары көбінесе адалдық пен батырлыққа, ел мен жердің табиғатына және ертегі жыр-дастандардан құралған. Ер жетіп есейе келе, 1913 жылы Ресей патшалығы Романовтар әулетінің 300 жылдық тойына қатысып, танымал ақын аталады.
Ұлы Жамбыл Үмбетәліні шәкірті ретінде жоғары бағалап, оған жырдың қара жорғасы деген атақ берген. Үмбетәлі ҚР Ғылым академиясының Президенті Қаныш Сәтпаевтың тапсырмасымен ел арасынан қазақтың фольклорын жинауға зор үлес қосып, осы академияның корреспондент мүшесі атанады.
Музей:
Жырдың «Қара жорғасы», Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаев атындағы әдеби-мемориалды мұражайы 1989 жылы ақынның 100 жылдығына орай ашылып, әлі күнге халыққа қызмет көрсетіп келеді. Мұражай Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үмбетәлі ауылында орналасқан.
Үмбетәлі ақын 1889 жылы Жамбыл ауданы, бұрынғы Шолаққарғалы, қазіргі Үмбетәлі ауылында туылып, 1969 жылы дүниеден өткен.
Музей екі ғимараттан тұрады. Біреуі 1949 жылдан 1969 жылға дейін ақынның өзі тұрған тарихи үйі. Бұл үйді үкімет басшылары ақынның құрметіне салып берген. Ақын осы үйде өмірінің соңына дейін тұрып, шығармашылықпен айналысқан. Музей үйі бір қабатты саман кірпіштен салынған, 4 бөлмеден тұрады. Ақын қайтыс болған соң мектеп жанындағы шағын музей болып ашылған. Мұнда экспозицияда тұрған экспонаттардың барлығы ақынның өзі мен ұрпақтарына тиесілі. Әрі сол күйінде сақталған.
Екінші музей ғимарат бір қабатты, 4-бөлмеден тұрады.
Кейін салынған негізгі экспозициялық ғимаратында ақынның дүниеге келгендігі, отбасылық шежіресі, ақын болып қалыптасқандағы өмір жолдары мен ұстаздары жайлы және әр жылдардағы қоғамдық-тарихи кезеңдердегі тірлігі баяндалады. 14 бөлімнен тұратын экспозициялық витриналарда ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы сыр шертетін тарихи құжаттар, Үмбетәлінің құнды заттары болып табылатын үш дана домбырасы, көптеген араб қарпінде жазылған қол жазбалары, ақынның киімдері мен көзі тірісінде ұстаған заттары қызықтырады. Сол сияқты музей ауласындағы ашық аспан астында Үмбетәлінің тереңдігі 9 метрден қазылған құдығы, ат шана мен ат арбасы орналасқан. Және Үмбетәлі мен Нұриланың ескерткіші бой көтерген.