ЖАМБЫЛ АУДАНЫ: УАҒЫЗ АЙТУДЫҢ ӘДЕБІ ТҮСІНДІРІЛДІ
Алматы облысы Жамбыл ауданы «Шынасыл» мешітінің бас имамы Бақыт Абдиисламұлының ұйымдастырумен аудан және ауыл имамдарына «Уағыз айтудың әдебі» тақырыбында семинар өтті.
Аталмыш семинардың құрметті қонағы Алматы облыстық «Қапшағай» орталық мешітінің наиб имамы Мағаз Серікұлы «Уағыз айтудың әдебі» турасында уағыз насихат айтты.
Семинар барысында Мағаз Серікұлы : «Имам – қоғамды тәрбиелеуші тұлға, ағартушы ұстаз. Елін сүйетін, аманатқа адал, адамгершілігі мол иманды ұрпақ тәрбиелеуде имамның атқаратын рөлі өте зор. Құдайға шүкір, халқымыздың рухани дамуына, қоғамда отбасы құндылығының артуына ағартушы ұстаздар мен дін қызметкерлері үлкен үлес қосып келеді. Бұл ретте жамағатқа даналық жолмен насихат айтудың маңызы айрықша. Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құранда «Нахыл» сүресінің 125-аятында: «Раббыңның жолына даналықпен әрі жанға жағымды көркем-насихат айту арқылы шақыр! Сондай-ақ Алла жолында күресу немесе сөз таластыру керек болғанда әрдайым сөз бен іс-әрекеттің ең жақсысын таңда…» деп әмір еткен. Кейбір дін мамандары сөз жауапкершілігін сезінбей, халқымыз қастер тұтқан ұлттық құндылықтарымыз бен тарихи тұлғаларымыз жайлы біржақты пікір айтып, қоғам сынына ұшырап жатады. Мұндайда Жүсіп Баласағұни бабамыз:
«Айтар сөзді сайлап алғын ақылмен,
Жауабың дөп, қатар түссін нақылмен», – демей ме?! Осы ретте дін қызметкерлерін тыңдаушылар алдында байсалды мінез танытып, әр мәселеге байыппен қарауға шақырамын», — деді.