«Жақсылық жастары» – Пайғамбар өмірінен тағылым алды
«Бір айда бір кітап оқы» жобасы аясында Жақсылық Үшкемпірұлы мешіті жанынан құрылған «Жақсылық жастары» тобы арасында тағылымы мол танымдық сайыс ұйымдастырылды. Бұл жолғы рухани бәсеке Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өмірбаянына арналған «Пайғамбар өмірі» кітабы бойынша өтті.
Сайыс мақсаты – жастарды сүннетке сай өмір сүруге үндеп, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, рухани білімге ынталандыру еді. 50 сауалдан тұратын тартысты додада қатысушылар пайғамбарлық өмірдің өнегесіне терең бойлап, өз білімдерін ортаға салды. Нәтижесінде жамағат арасында кітапқа деген қызығушылық артып, мешіт жанындағы рухани орта жаңа серпінмен жандана түсті.
Сайыс қорытындысы бойынша:
1-орын — Алданазар Иманали Марксұлы, 30 000 теңге;
2-орын — Жумақанова Сабина Ерболқызы, 20 000 теңге;
3-орын — Құдайберген Юлдаш Джаппапұлы, 10 000 теңге қаржылай сыйақымен марапатталды.
Жобаны ұйымдастыруға ұйытқы болған – Алматы облысы жастар ісі секторының жауапты маманы, Жақсылық Үшкемпірұлы мешітінің имамы Құдайберген Шохан мырза. Ол бұл бастаманың алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатынын жеткізді.
Жастардың имани білімге ұмтылып, кітап оқуға қызығушылық танытуы – ел ертеңінің жарқын болашағына сенім ұялатады.



