Жүз бала Құранға түсті
Иман нұры балғын жүректерге ұялаған жаздың жайдары күндерінің бірінде, Үшкемпірұлы Жақсылық мешітінің бастамасымен ұйымдастырылған «Имани жаз – 2025» жазғы сауат ашу курсының алғашқы кезеңі сәтті мәресіне жетті.
Мешіт қабырғасында өткен бұл рухани білім ордасына барлығы 166 мектеп жасындағы шәкірт қатысып, оның 68-і — қыз бала, 98-і — ер бала болды. Білімге ынталы бүлдіршіндер бір ай бойы Құран әліппесін үйреніп, намаз оқудың тәртібін, адамзаттың ардақтысы – Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолын тереңірек танып, жүрекке ізгілік ұялататын ахлақ дәрістерін тыңдады.
Сабақ барысында балаларға арнап рухани мәні терең бейнероликтер көрсетіліп, Алланың көркем есімдері бойынша мазмұнды сайыстар ұйымдастырылды. Бұл – білім мен тәрбие тоғысқан сәттерге толы ерекше уақыт болды.
Курсты сәтті аяқтаған шәкірттерге ауданның бас имамы атынан арнайы сертификаттар табысталып, балаларға арналып ақ дастархан жайылды. Бала көңіл қуанып, ата-ана жүрегі марқайған бұл шара – иман мен тәрбие жолындағы жарқын қадамдардың бірі болды.
Руханиятқа құштар ұрпақ өсіп келеді. Бұл – үміт отын маздататын, жүрекке сенім ұялататын жаңалық.



