preloader

Мақалалар

Адал еңбек еткенің – Алла жолында жүргенің!

Адал еңбек еткенің – Алла жолында жүргенің!

Әрбір дені сау адам өз отбасы мен балашағасын адал еңбек етіп асырап-бағуы тиіс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Адал еңбек ету – парыздан кейінгі парыз» деген.

Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 168-аятында:
«Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасын жеңдер» – деп бұйырылған.

Бұрынғы дана ғұламаларымыз да осы мағынадағы көптеген насихат айтқан. Солардың бірі – Лұқман хәкімнің ұлына айтқан өсиеті:
«Балам, адал жолмен еңбек ет. Кедейшілікке салынып, өзгеге қол жаюдан сақтан. Өйткені жоқшылық көрген адам үш жағдайға тап болады:
– Біріншіден, дінін әлсіретеді, яғни сеніміне кір келтіреді, себебі кедейлік адамды жаман ниеттерге жетелейді;
– Екіншіден, ақылын азайтады, өйткені мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады;
– Үшіншіден, көркем мінезін жоғалтады, адамдарға жек көрінішті әрі келеке ететін болады».

Ел ішінде айтылатын мынадай мысал бар:
Бір әке баласын сынамақ болып, оған: «Жұмыс істеп, табыс тап!» – деп үйден шығарып жібереді. Кешке баласы үйіне құр алақан келеді. Мұны көрген шешесі: «Әкең сұраса, бересің» – деп қолына біраз ақша ұстатады.
Әкесі баласының әкелген ақшасын сынамақ болып, пештегі отқа тастайды. Баласы оған мән бермей қоя салады.
Келесі күні ол өз еңбегімен ақша табады. Әкесі тағы да оны пешке тастай бергенде, баласы шырылдап әкесінің қолына жабысып: «Жоқ, бұл менің өз еңбегіммен тапқаным!» – деп айқайлайды. Сонда әкесі: «Міне, бұл – табан ақы, маңдай теріңмен тапқан адал еңбектің ақысы!» – деген екен.

Адал еңбек етіп, адал кәсіппен табылған нәпақа – отбасыға береке әкеледі, салиқалы ұрпақтардың өсіп-өнуіне себеп болады.

Омарбек мешітінің бас имамы
Баченов Асқар Оралбайұлы