preloader

Мақалалар

Отбасындағы берекені не жояды?

Отбасындағы берекені не жояды?

Отбасы – адам баласының рухани қалыптасуына, мінез-құлқының жетілуіне және қоғамдағы орнының айқындалуына негіз болатын қасиетті орта. Шариғатымызда отбасы тек бір шаңырақ астында өмір сүретін адамдардың жиынтығы ретінде қарастырылмайды. Себебі, жанұя – мейірім мен сүйіспеншілік, өзара құрмет пен жауапкершілік арқылы нығая түсетін маңызды әлеуметтік әрі рухани құндылық. Отбасындағы береке материалдық байлықтың молдығымен ғана өлшенбейді. Дүниелік мүмкіндіктері жеткілікті болғанымен, өзара түсіністігі мен татулығы жоғалған шаңырақта тыныштықтың орнауы қиын. Сондықтан да бұл жағдайды бізден бұрын өткендер:

Мінезді болса алғаның,
Одан артық жар бар ма,
Екі жаман қосылса,
Күнде жанжал, күнде шу,
Ұяларлық ар бар ма, – (Ақтамберді Сарыұлы) деп жырласа керек.

Асылында, отбасы ұғымының ең негізгі құндылығы – жұбайлардың бір-біріне рухани һәм қарым-қатынас тұрғысынан жайлылық сыйлау. Бұған қатысты Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сендерге өз араларыңнан жұбайлар жаратып, олар арқылы тыныштық табуларың үшін араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім орнатқандығы да – Оның белгілерінен», – («Рум» сүресі, 21-аят) деп баяндайды. Яғни, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынастың негізі сүйіспеншілік пен мейірім екендігі айқын көрінумен, отбасындағы берекені сақтау үшін ерлі-зайыптылар бір-бірінің қадірін біліп, қиындықтарды өзара түсіністік пен сабыр арқылы шешуге ұмтылуы қажеттігін Жаратушының әмірінен ұғына аламыз.

Отбасындағы берекені әлсірететін негізгі себептердің бірі – Жаратушыдан алыстап, Оның әмірлері мен тыйымдарына немқұрайлы қарау. Құдай алдындағы адалдықты ұмыта бастағанда, өміріміздің мәнін түбегейлі жоғалта бастаймыз. Өз қара басын ретке келтіре алмаған адам жұбайы мен бала-шағасын да лайықты түрде қамқорлыққа алып, аманат жүгін дұрыс арқалай алмайды.

Екінші бір себебі – сыйластықтың азаюы мен тілге ие бола алмау. Адам ашу үстінде айтқан бір ауыз ауыр сөзі арқылы жақындарының көңіліне жара салып, арадағы сенімге нұқсан келтіруі мүмкін, ал мұндай жағдай жиі қайталанған кезде отбасындағы рухани жақындық біртіндеп әлсірейді. Қазақ халқының «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген мақалы да жылы сөздің адам өміріндегі орнын терең аңғартады. Демек, отбасының берекесі үлкен істермен ғана емес, күнделікті айтылатын ізгі сөздермен, кешіріммен және бір-біріне көрсетілетін құрметпен де қалыптасады.

Үшінші бір маңызды мәселе – шүкіршіліктің азаюы мен дүниелік құндылықтарға шамадан тыс байланып қалу. Егер адам қолындағы нығметтің қадірін білмей, үнемі өзгелердің тұрмысымен өзін салыстырып, материалдық жетістіктерді өмірінің басты өлшеміне айналдырса, оның көңілінде қанағатсыздық пайда болып, отбасындағы тыныштыққа сызат түсуі ықтимал. Алла Тағала: «Егер шүкір етсеңдер, әлбетте, сендерге арттыра беремін», – («Ибраһим» сүресі, 7-аят) деп ескерткен. Сондықтан отбасы мүшелері қолындағы нығметке шүкір етіп, адал еңбекке, үнемшілдікке және өзара жәрдемдесуге мән бергенде, олардың арасында қанағат пен жауапкершілік сезімі нығая түседі.

Одан өзге, өтірік айту, уәдеде тұрмау, орынсыз күмәндану, қызғанышқа берілу және кешірімсіздік таныту да отбасылық қатынастарға сызат түсіретін әдеттер. Біз қанша жерден мықты маман, әділ басшы, жауапты қызметкер, адал саудагер болсақ та, шаңырағымыздағы шынайы бейнеміз арқылы нағыз адамбыз. Бізге отбасылық өмірде ең озық үлгі бола білген әрі өшпес насихат қалдырған ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ: «Сендердің ең жақсыларың – отбасына ең жақсы болғандарың», – деп адамның көркем мінезі ең алдымен өз үйіндегі қарым-қатынасынан байқалуы керектігін меңзейді. Өйткені, сырт көзге ізетті көрінгенімен, үй ішінде жақындарына дөрекілік танытатын адамның мінезінде түзетуді қажет ететін тұстар бар. Осы тұрғыдан алғанда, отбасының әрбір мүшесі өз міндетін орындап қана қоймай, өзгелердің де сезімі мен қажеттілігін ескергені жөн.

Отбасындағы берекені сақтау үшін рухани тәрбие мен күнделікті жауапкершілік қатар жүруі керек. Намазға көңіл бөлу, Құран оқу, адал табыс табу, балаларға жақсы үлгі көрсету, ата-ананы құрметтеу және туыстық байланысты сақтау шаңырақтың рухани негізін нығайтады. Алайда отбасы мүшелерінің бірі қателік жасаған жағдайда, оны бірден айыптап, кінәлай берудің орнына, мәселенің себебін түсініп, түзелуіне мүмкіндік беру әлдеқайда нәтижелі болады. Себебі, берік отбасы дегеніміз ешқашан қиындық көрмейтін отбасы емес, керісінше, қиындықты бірлігін жоғалтпай еңсере алатын отбасы.

Қорыта айтқанда, отбасындағы берекені жоятын нәрселердің қатарында сыйластықтың жоғалуы, шүкірсіздік, өтірік, жауапсыздық және рухани құндылықтардан алыстау әсер етеді. Отбасы мүшелері өзара мейірім танытып, бір-бірінің кемшілігін түзетуге ізгілікпен қараған кезде, шаңырақтағы татулық та нығая түседі. Сондықтан «Ынтымақ бар жерде ырыс бар» деген халық даналығы әрбір отбасы үшін өмірлік ұстанымға айналуы тиіс.

Алла Тағала жанұяларымызды жылудан, отбасы, ошақ-қасымызды берекеден айырмағай!

 

Алматы облысы Қарасай ауданы «Құртқа» мешітінің имамы
Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы