Рамазан – кешірім мен рақым айы
Рамазан – Алла Тағаланың құлдарына ерекше мейірім төгіп, күнәларын кешіруге мүмкіндік беретін қасиетті ай. Мұсылман баласы өз қателіктерін түсініп, тәубе жасап, Алладан кешірім сұрауға бұл айда барынша көңіл бөледі. Сондықтан ғұламаларымыз Рамазан айын «кешірім айы» деп сипаттайды. Себебі, дәл осы айда Алла Тағаланың рақымы кеңейіп, құлдарының күнәлары кешірілуіне көптеген мүмкіндіктер беріледі. Бұған қатысты Алла Тағала «Зүмәр» сүресінің 53-аят құлдарын тәубеге шақырып былай дейді:
«(Уа, Мұхаммед!) Айт: «Уа, өздеріне қарсы күнә жасап қойған құлдарым! Алланың рақымынан үміт үзбеңдер. Расында Алла барлық күнәларды кешіреді. Шынында Ол – аса Кешірімді, ерекше Мейірімді»». Аяттың мағынасынан рахман Иеміздің рахымы шексіз екенін түсінсек болады. Яғни, пенде қаншалықты күнә жасаған болса да, шынайы тәубе етсе, Алла оны кешіруге дайын. Рамазан айы болса сол кешірімге жетудің ең үлкен мүмкіндігі.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айының ерекшелігін түсіндіре отырып, былай деген:
«Рамазан келген кезде жәннаттың қақпалары ашылады, тозақтың қақпалары жабылады және шайтандар кісенделеді».
(Бухари, Муслим) Рамазан айында адамдарға жақсылық жасауға үлкен мүмкіндік берілетінін білдіреді. Біз жақсылыққа жақындаған сайын шайтандардың азғыруы әлсірейді, ал жәннатқа апаратын амалдарға жол ашыла түседі. Сондықтан бұл ай күнәлардан арылып, Аллаға жақындауға ең қолайлы уақыт.
Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазан айында иманмен және сауаптан үміт етіп ораза ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі»,
(Бухари, Муслим) –дейді. Демек, Рамазан айындағы кешірімнің қаншалықты үлкен екенін көрсетеді. Егер адам шынайы ниетпен ораза ұстап, Алланың разылығын іздесе, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі.
Рамазан айы –әрбір жанның өз-өзіне есеп беретін, жүрегін тазартатын уақыт. Адам баласы өмірінде кейде қателеседі, біреуге жамандық жасауы немесе Алланың бұйрықтарын толық орындауда жалқаулық танытуы мүмкін. Осындай жағдайда тәубе ету – мұсылман үшін ең дұрыс жол. Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді:
«Ей, иман келтіргендер! Аллаға шынайы тәубе етіңдер».
(«Тахрим» сүресі, 8-аят)
Шынайы тәубе – адамның жасаған күнәсіне өкініп, оны қайта жасамауға ниет етуі және Алладан кешірім сұрауы. Рамазан айы – дәл осындай тәубе жасауға ең таптырмас әрі барлық мүмкіндіктер қайтарылмайтын тамаша сәт. Осы тамаша кезеңнің мәні жайлы Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Бес уақыт намаз, бір жұма келесі жұмаға дейін, ал Рамазан келесі Рамазанға дейін – егер үлкен күнәлардан сақтанса, араларындағы күнәларға кешірім болады»– (Муслим) деген.
Рамазан айындағы ең маңызды кешірімге ие болатын кездің бірі– Қадір түні. Бұл түн – кешірім мен рақымның ерекше түні. Қадір түні мың айдан қайырлы екендігі қасиетті Құранда аталып, бізге сүйінші ретінде білдірілген. Бұл түнде жасалған құлшылықтың сауабы өте үлкен. Сондықтан бұл түнде дұға жасап, Жаратушының мейіріміне бөленіп, көп кешірім сұрауға тырысу керек. Айша анамыз Пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):
— «Егер Қадір түнін кездестірсем қандай дұға айтайын?» – деп сұрағанда, Пайғамбар ﷺ былай деген: «Уа, Алла! Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені кешіре гөр» (Тирмизи). Демек, Рамазан айы тек Алладан кешірім сұрайтын уақыт қана емес, адамдарды да кешіре білетін ай. Исламда біреуге реніш сақтап жүру құпталмайды. Керісінше, кешірім жасау – үлкен сауап.
Қорыта айтқанда, Рамазан айы – Алланың ерекше рақымы төгілетін, құлдарының күнәлары кешірілетін қасиетті уақыт. Бұл айда мұсылман баласы Алладан кешірім сұрап, тәубе жасап, жүрегін тазартуға тырысуы керек. Ораза ұстау, Құран оқу, дұға жасау және қайырымдылық істеу – кешірімге жетудің жолдары. Сонымен қатар бұл ай адамдарды да кешіріп, жүректегі ренішті кетіретін мүмкіндік. Өйткені кешірімділік – мұсылманның ең көркем қасиеттерінің бірі. Алла Тағала баршамызды Рамазан айының берекесімен қауыштырып, жасаған тәубелерімізді қабыл етіп, күнәларымызды кешірсін!
Алматы облысы Қарасай ауданы «Құртқа» мешітінің имамы
Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы


