Рамазан – қайырымдылық пен жомарттық айы
Қайырымдылық жасау адамның ішкі дүниесін тазартып, қоғамдық байланыстарды нығайтады. Дана халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – деп, өзгеге кеңпейіл болып, жанашыр болу адамның өзіне де үлкен игілік әкелетінін дәріптеген. Ал Жаратушымыз Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 272-аятында:
«(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздіккке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» – дейді.
Дінімізде қайырымдылық маңызды құндылық саналумен қатар, оны сауаптар еселенетін Рамазан айында жасауға ерекше мән беріледі. Бұл кезеңде мұқтаж жандарға қол ұшын созу тек діни парыз ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы бірлік пен мейірімділікті арттыратын ізгідәстүр. Яғни, бізің қоғам қасиетті айда келесі игі істерге басымдық беріп, сауапқа кенелмек:
Осы орайда Рамазанда жақсылықты көбейтудің мәнін кеңірек айта кетер болсақ, біріншіден хадистерде келгендей «Ең абзал садақа — Рамазан айында берілгені» деп айтылған. Екіншіден, бұл айда жасалған жақсылықтардың сауабы басқа айлармен салыстырғанда ондаған, жүздеген есеге дейін артатынын баршамыз білеміз. Үшіншіден, ардақты Пайғамбарымыздың Рамазан айында басқа уақыттардан да жомарт бола түскен өнегелі амалын үлгі етеміз.
Қайырымдылық – екі дүниеде де берекеті үзілмейтін амалдың бірі. Алла Тағала «Әли-Ғимран» сүресінде:
«Жақсы көрген нәрселеріңді, (мысалы дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар», – деп баяндаған.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің қасиетті хадис-шарифінде мұсылман үмбетіне: «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар», – деп өсиет қалдырған. Осы өсиетті ту еткен ізгілердің ғибратты мысалдары тарихта көп кездеседі. Солардың бірі – халифа Омар ибн Хаттабтың (р.а.) өмірінен алынған оқиға.
Бір күні Омар (р.а.) түнде қаланы аралап жүріп, бір үйден балалардың жылаған даусын естиді. Үйге жақындап барып қараса, бір анасы қазанға су қайнатып отыр екен. Балалары аш болғандықтан жылап жатқан көрінеді.
Омар (р.а.) әйелден:
— «Балаларың неге жылап жатыр?» – деп сұрайды.
Әйел:
— «Бізде тамақ жоқ. Балаларымды жұбату үшін қазанға су қайнатып отырмын. Олар тамақ пісіп жатыр деп ойлап, ұйықтап қалады деп үміттенемін», – дейді.
Бұл сөзді естіген Омар (р.а.) қатты қайғырып, бірден қазынадан ұн мен май алып келеді. Қапты көтеріп бара жатқанда қызметшісі:
— «Бұл қапты мен көтерейін», – дейді.
Сонда Омар (р.а.):
— «Қиямет күні менің жүгімді сен көтересің бе?» – деп жауап береді.
Сөйтіп ол өзі барып тамақты дайындап, балалардың тойып тамақтанғанын көргенше күтеді.
Оқиғадан мұсылман басшысының да, қарапайым адамның да мұқтаж жандарға бейжай қарамау керектігін түйсек, Рамазан айы осындай мейірімді амалдарды көбейтетін уақыт екендігін естен шығармағанымыз жөн.
«Өзін ғана ойлаған,
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған,
Адамдықтың белгісі», – деп бабаларымыз жырлағандай бұл айда мұсылман баласы садақа беріп, мұқтаж жандарға көмектесіп, қоғамдағы мейірімділікті арттыруға тырысуы керек.
Сондықтан Рамазан айы – адамдардың бір-біріне жақсылық жасап, жүректерін мейірімге толтыратын ерекше сәт. Мұсылман адам осы мүмкіндікті пайдаланып, садақа беріп, ауызашар ұйымдастырып, мұқтаж жандарға көмектесу арқылы Алланың разылығына жетуге ұмтылуы тиіс.
Алла Тағала баршамызға Рамазан айында көп жақсылық жасауға мүмкіндік беріп, жасаған қайырымдылықтарымызды қабыл етсін!
Алматы облысы Қарасай ауданы «Құртқа» мешітінің имамы
Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы


