Тазалық – иманның жартысы
Адам баласы – табиғаттың бір бөлшегі. Ол қоршаған ортамен тығыз байланыста өмір сүріп, ағзасына қажетті дүниелерді де алады . Табиғаттың тазалығы адамның денсаулығы мен өмір сапасының кепілі болса, рухани тазалық оның ішкі дүниесінің көрінісі, мінез-құлқы мен әрекеттерінің негізі. Сондықтан қоршаған ортаның тазалығы мен адамның рухани тазалығы бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар десек артық айтқандық емес.
Тазалық мәселесі адамзат үшін аса маңызды болғандықтан асыл дініміз Исламда да тазалыққа ерекше мән беріледі. Өйткені, Құран Кәрімде Раббымыздың Өзі :
«Расында, Алла тәубе етушілерді және тазаланушыларды жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 222-аят) – деп баяндап, оған көңіл қою қажеттігін көрсетеді. Аяттың мағынасына теріңінен үңілер болсақ тек дене тазалығы ғана емес, жалпы өмір салтындағы тазалықты да қамтитындығын ұғына аламыз. Ал ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен. Сәлемі болсын): «Тазалық – иманның жартысы»,(Муслим) – деп, тазалықтың иманымыздың айнасы секілді дәлел екендігін атап өткен. Яғни, хадис бізге тазалықтың тек физикалық емес, иманмен тікелей байланысты екенін насихаттап, өзіңді де, айналаны да таза ұстау – діни міндеттердің бірі екендігін аңғартады.
1.Рухани тазалық. Рухани тазалық – адамның жүрегінің, ниетінің, ойының таза болуы. Исламда бұл ұғым «тазкиятун-нафс» деп аталады, яғни нәпсіні тәрбиелеу. Бұған қатысты «Шәмс» сүресінің, 9-аятында: «Расында, нәпсісін тазартқан адам құтылды», – делінеді. Демек, пенденің шынайы жетістігі – оның ішкі тазалығында. Ал рухани тазалыққа жету үшін адам: жаман ойлардан арылып, өтірік, өсек, ғайбаттан сақтанып және жүрегін қызғаныш, тәкаппарлық сияқты жаман қасиеттерден тазартуы керек. Дана халқымыз айтпақшы «Жүрегі таза адам – жамандық ойламайды». Демек, мұның барлығына себеп–жүрек. Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:
«Адам денесінде бір кесек ет бар. Егер ол түзелсе, бүкіл дене түзеледі. Егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Ол – жүрек» (Бухари, Муслим).
2.Сыртқы тазалық. Адамның ішкі дүниесі қандай болса, оның сыртқы әрекеті де сондай болады. Егер адамның жүрегі таза болса, ол тайналасына да зиян келтірмейді, керісінше оны қорғайды. Сондықтан қоршаған ортаның тазалығы ең алдымен адамның ішкі тәрбиесіне байланысты. Исламда «аманат» ұғымы бар. Табиғат – бізге Алланың берген аманаты, ал оны қорғап, сақтау әрбір мұсылманның міндеті.
Тазалық туралы сөз қозғағанда көпшілігіміз. Ескере бермейтін бір дүние бар. Ол – тазалық өркениеттің белгісі екендігін есте сақтамауымыз. Қоғамның дамуы оның тазалығынан да көрінеді. Таза қала, таза көше – мәдениеттіліктің белгісі. Әр адам өзінен бастап, осы мәселеге көңіл қойғанда қоғам да өзгереді. Мысал ретіне айтатар болсақ, үйіміздің айналасын таза ұстау, көшеге қоқыс тастамау және қоқыс көрсек оны тиісті жерге сала салу, қоғамдық орындарды ластамау деген секілді аса бір ауырлық келтірмейтін ұсақ, көзге көріне бермейтін істерді үнемі жасауымыз үлкен әдептердің қалыптасуына себеп болады. Біле білсек, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Алла көркем және көркемдікті жақсы көреді», – деген. Ал тазалық – көркемдіктің бір бөлігі.
Қорыта айтқанда, қоршаған ортаның тазалығы мен адамның рухани тазалығы – бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Таза жүрек – таза әрекетке, ал таза әрекет – таза қоғамға алып келеді. Дініміз де, дәстүріміз де тазалықты жоғары бағалаған. Ендеше, әрбір адам жүрегін тазартуға, ойы мен ниетін түзетуге және қоршаған ортаны қорғауға күш салса, біз дені сау, рухани бай, мәдениетті қоғам құра аламыз.
Алматы облысы Қарасай ауданы «Құртқа» мешітінің имамы
Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы

