preloader

Мақалалар

Уақыттың қадірі

Уақыттың қадірі

Жаратушының пенделерге берген ең қымбат әрі қайтарылмас нығметтердің бірі–уақыт. Адам өмірі уақытқа тәуелді һәм оған тиесілі. Себебі, қалай өткізгенімізге қарамастан сол сәт қайта оралмайды.

Уақыт – Алланың аманаты, ал оны дұрыс пайдалану әрбір саналы  жанның міндеті. Міндет деп айтудың негізгі өзегі бұл жалғанды кім болып, қандай етіп сүрсең де,  алдыңда әр секундыңның сұрауы болатыны айқын. Сондықтан да Алла Тағала қасиетті Құранда уақыттың маңыздылығы жайлы «Аср» сүресінде:

«Уақытқа серт! Ақиқатында адам баласы зиянда. Бірақ иман келтіріп, ізгі амал жасағандар, бір-біріне ақиқатты және сабырды өсиет еткендер ғана бұдан тыс», – деп баяндайды. Яғни, уақыттың қадірін білмеген адам зиянда екені анық айтылған. Демек, уақытты бос өткізу – үлкен шығын.

Тағы бір аятта: «Ол сондай Алла, түн мен күндізді бірінің артынан бірін келтірді. Бұл – ғибрат алғысы келгендер үшін» («Фурқан» сүресі, 62-аят) – деп, уақыттың ауысуы адамның ойлануы үшін берілгенін білдіреді.

Ардақты Пайғамбарымыз да (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) уақыттың қадірі жайлы  хадистерінде  жекізіп: «Адамдардың көбі қадірін білмейтін екі нығмет бар: денсаулық және бос уақыт» (Бухари ) – деген.

Түсінгеніміздей,  адам көбіне бос уақытын бағаламай, оны пайдасыз істерге жұмсап, басына іс түскенде, қиындыққа душар болғанда, өкінетін әркетке барғанда немесе жақынан айырылғанда ғана оянып, қайтара алмайтын сәттеріне шын күйінгенде ғана уақыттың орны толмас нығмет екендігін түсініп жатады. Осы орайда өміріміздің әр бөлігін немен толтырсақ, сол біздің амалымыздың айнасына айналатынын ұққанымыз жөн. Бұл жайлы Жүсіп Баласағұн:

Не ексем соны орармын ақыры,

Нені орсам соны алармын, асылы, – деп екі ауыз насихатпен тамаша жеткізсе керек.

Адам өміріндегі табыстың кілті – уақытты дұрыс жоспарлау. Уақытын тиімді пайдаланған ғана екі өмірлік мақсаттарына жете алады. Ал уақытты босқа өткізген адам өкінішке ұшырайды. Кейбіреулер нақты жоспары мен дағдысы жоқтығынан күнінің қалай өтіп кеткенін байқамай қалады. Бірақ, білеміз уақыт ешкімді күтпейді. Осылай жеңіл ой, арзан күлкі, мақсатсыз күн кешумен қарттықтың да есігінің алдына келіп қалғанымызды аңғармай жатамыз. Сол үшін де сүйікті Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біл: қартаюдан бұрын жастықтың, аурудан бұрын денсаулықтың, кедейліктен бұрын байлықтың, бос уақыттан бұрын жұмыстың, өлімнен бұрын өмірдің қадірін біл» – деген. Демек,  халқымыз айтпақшы «Уақыт – кері қайтпайтын керуен», яғни сенің еркіңе бағынатын емес,  керісінше сен  оның ықпалына ілесіп үлгеруің қажет болған дүние.

Алла соққан бұл ғалам,

Шыр айналып дөңгелер.

Жұлдыздары жыпырлап,

Күнді аударып, түн келер.

(Махмұд Қашқари )

Бүгінгі таңда бізге сынақ ретінде берілген нәрсе де осы – уақыт болып тұр.  Себебі,  бізді алдаусырып,  көңілімізді бұрып, уақытымызды ұрлайтын өте көп: әлеуметтік желілер, қажетсіз әңгімелер, пайдасыз істер. Егер адам өз уақытын жоспарламаса, ол міндетті түрде босқа кетеді. Сондықтан әрбір адам өз күнін жоспарлап, пайдалы істерге көңіл бөлуі керек. Мысалы, білім алу, кітап оқу, құлшылық жасау, отбасыға уақыт бөлу – бұлардың бәрі уақытты тиімді пайдалануға жатады.

Асыл  дінімізде уақытты бағалауға басты назарда ұсталады.  Мұсылман адам әрбір күнін өнімді өткізіп, қияметте осы үшін сұралатынын алға қояды. Ол туралы Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үмметіне ескертіп:

«Қиямет күні адам төрт нәрседен сұралмайынша орнынан қозғалмайды: өмірін қайда өткізгені, жастығын қалай өткізгені, малын қалай тапқаны және қайда жұмсағаны, білгенімен амал еткені туралы» ,–  деген.

Уақыттың қадірін түсінген адам өмірін мәнді етеді. Ол әрбір күнін Раббысы бұйырған істерге бағыттап, күш–қайратын да соған жұмсайды.

Қорыта айтқанда, уақыт – ең қымбат байлық. Оны сатып алу да, қайтару да мүмкін емес. Сондықтан әрбір адам уақыттың қадірін басына қара бұлт үйірілместен түсініп,  оны игі істерге жұмсауы керек. Уақытты дұрыс пайдаланған адам ғана бұл дүниеде де, ақыретте де табысқа жетеді. Ендеше, Алла Тағала уақытымыз ен өмірізге береке беріп,  табысты мұсылмандардан болуымызды нәсіп етсін!

 

Алматы облысы Қарасай ауданы «Құртқа» мешітінің имамы

Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы