preloader

Мақалалар

Қажылық жасаудың маңыздылығы

Қажылық жасаудың маңыздылығы

«Қажылық» сөзі араб тіліндегі «хажж» сөзінен шыққан. Оның мағынасы – «ниет ету», «бет алу», «қасиетті жерге зиярат жасау» дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы – белгілі уақытта арнайы ғибадаттарды орындау үшін Мекке қаласына барып, қасиетті орындарды зиярат ету.

Қажылық Зүл-хижжа айында орындалады. Мұсылмандар Қағбаны тауап жасап, Сафа мен Мәруа төбелерінің арасында сағи жасайды, Арафатта тұрып дұға етеді және басқа да ғибадаттарды орындайды.

Қажылық тарихы Ибраһим (а.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Ислам деректеріне сәйкес, Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға ұлы Ысмайылмен бірге Қағбаны тұрғызуды бұйырған. Олар қасиетті үйді тұрғызғаннан кейін, Алла Тағала адамдарды қажылыққа шақыруды әмір етеді. Сол уақыттан бері адамдар Меккеге келіп, Қағбаны зиярат етуді жалғастырып келеді. Уақыт өте келе кейбір адамдар бұл құлшылықтың мәнін өзгертіп, пұттарға табыну әрекеттерін енгізген. Ал Мұхаммед ﷺ пайғамбар Ислам дінін әкелген соң, қажылықты қайтадан шынайы қалпына келтірді.

Қажылық әр адамға міндет емес. Ол белгілі шарттарға сай келетін мұсылмандарға ғана парыз болады. Яғни, қажылықтың парыз болуы үшін мынадай шарттар қажет:

Мұсылман болуы;
Ақыл-есі дұрыс болуы;
Балиғат жасына толуы;
Еркін адам болуы;
Денсаулығы қажылық жасауға жарамды болуы;
Қажылыққа барып-келуге жететін қаражаты болуы.

Егер адамның жол шығынына, тамағына және отбасының қажеттілігіне жететін қаражаты болмаса, оған қажылық парыз болмайды.

Ұлы құлшылыққа ниет еткен пенденің ең әуелі қажылықтың негізгі парыздарын біліп алғаны ғибадатын толық атқаруына септігін тигізеді. Олар:

1. Ихрамға кіру;
2. Арафатта тұру;
3. Қағбаны тауап ету.

Осы амалдардың бірі орындалмаса, қажылық толық болып есептелмейді.

Ихрам дегеніміз не? Ихрам – қажылық немесе ұмра жасау ниетімен арнайы күйге ену. Ер адамдар екі ақ матадан тұратын киім кисе, әйел адамдар әдеттегі әуретті жабатын киімін киеді. Ихрам кезінде шаш пен тырнақ алуға, аң аулауға, жанжал шығаруға және хош иіс қолдануға болмайды. Бұл ережелер пендеге шектеу секілді көрінгенімен, адамды сабырлыққа, тәртіпке әрі шыдамдылыққа тәрбиелейді. Бұл туралы қасиетті Құранда:

«Қажылық белгілі айларда. Кім сол айларда қажылықты ниет етсе, қажылық кезінде жыныстық қатынас, күнә және жанжал болмауы керек…» («Бақара» сүресі, 197-аят)

– деп баяндалған.

Қажылық міндетін атқарған әрбір мұсылман Жаратушы тарапынан мол сауапқа кенеледі. Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ:

«Кім Алла үшін қажылық жасап, жаман сөз бен күнәдан сақтанса, анасынан туған күндегідей күнәсіз болып қайтады», –

деп сүйіншілесе, келесі бір хадисінде:

«Қабыл болған қажылықтың сыйы – жәннаттан басқа ешнәрсе емес», –

деген.

Сондай-ақ: «Қажылық пен ұмраны жалғастырып орындаңдар. Өйткені олар темірдің тотын кетіргендей кедейлік пен күнәларды кетіреді», –

деп насихат айтқан.

Ал:  «Қажылар мен ұмра жасаушылар – Алланың қонақтары. Олар Аллаға дұға етсе, дұғаларын қабыл етеді», –

деген хадистен қажылық жасаған пенделердің ерекше құрметке ие екенін аңғаруға болады.

Қажылық – дініміздегі ең қасиетті құлшылықтардың бірі. Ол адамның рухани тазарып, Аллаға жақындауына жол ашады. Қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров атамыз айтқандай:

…Дос тұрсын, дұшпан таппас оның мінін,
Негізі ақылменен сонша үйлесер.
Мін іздеп қозғай алмас ешкім тілін,
Мақсаты – адам ұлын бақытты қылмақ.
Дінімнің байқасаңыз ішкі сырын:
Бұйырған пенделерге әділ бол деп,
Әділдік – бақыт үшін жалғыз жол деп;
Қажы мен жұманы парыз қылған,
Жиылып бір ынтымақ болған оң деп…

Мұндағы мән – әрбір құлшылық пен ғибадаттың адамзаттың игілігі үшін жасалатындығында. Сонымен қатар, мұсылмандардың бірлігін, теңдігін, бауырмалдығын арттырып, ізгілікке жетелеуінде.

Ендеше, Алла Тағала жыл сайын сағындырып келетін ұлы бесінші парыз ғибадатқа ниет еткен барша бауырларымыздың құлшылықтарын қабыл етсін!

 

Алматы облысы Қарасай ауданы
«Құртқа» мешітінің имамы
Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы