preloader

Мақалалар

«Имандылық пен қайырымдылық – егіз ұғым»

«Имандылық пен қайырымдылық – егіз ұғым»

Адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі – мейірімділік пен қайырымдылық. Қазақ халқы ежелден: «Қолы ашықтың – жолы ашық», «Кең болсаң, кем болмайсың», – деп, қамқорлық пен жанашырлықты адамгершіліктің биік өлшемі санаған. Қазақ халқының мәрттік, мырзалық, азаматтық қасиеттерін айқындайтын салттары жетерлік. Мысалы, сыбаға, қонақасы, ерулік, асар, көгендік, кеусен, шүлен тарату, жылу жинау сияқты әдет-ғұрыптар халқымыздың адамгершілікке негізделген ұлы тәрбиесінің бірі болған. Ал ислам дінінде қайырымдылық жасау – үлкен сауапты іс әрі имандылықтың белгісі.

Имандылық – адамның жүрегіндегі нұр, ар-ұят, сабыр мен мейірім. Нағыз иманды адам тек құлшылығымен ғана емес, айналасына жасаған жақсылығымен де ерекшеленеді. Өйткені жүрегінде иманы бар адам өзгенің мұңына бейжай қарай алмайды. Қиналғанға қол ұшын созып, мұқтажға көмектесу – мұсылманның көркем мінезінің көрінісі.

Қасиетті Құранда және Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ хадистерінде қайырымдылық жасауға ерекше мән берілген. Бұл туралы қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 92-аятында: «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де, Алла оны толық біледі», – деп бұйырылған.

Бұдан бөлек, Құранның «Хашыр» сүресінің 9-аятында: «…Олар өздеріне қоныс аударып келгендерді жақсы көріп, оларға берілген нәрселерге көңілдерінде кірбеңдік болмайды. Сондай-ақ өздерінде таршылық бола тұра, оларды өздерінен артық көреді. Ал кім сараңдықтан сақтанса, солар – құтылушылар», – деп баяндалады.

Хадисте: «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайдасы тигені», – делінген. Бұл сөз әрбір адамға үлкен ой салады. «Батыр болсаң, жауға найзаң тисін, бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін», – деген қазақ мақалы осыны айғақтайды. Кейде бір ауыз жылы сөздің өзі немесе кішкентай ғана көмектің өзі бір адамның өміріне үміт сыйлауы мүмкін.

Қайырымдылық дегенде көпшілік тек материалдық көмек көрсетуді ғана ойлайды. Алайда исламда қайырымдылықтың ауқымы әлдеқайда кең. Жылы сөз айту, ренжіген адамның көңілін көтеру, қарт кісіге жол беру, әлсізге көмектесу, біреудің ауыр жүгін көтерісу – мұның барлығы садақа болып есептеледі. Тіпті Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде: «Бауырыңа күлімдеп қараудың өзі – садақа», – деген. Демек, қайырымдылық жасау үшін міндетті түрде бай болу шарт емес. Ең бастысы – жүректе мейірімнің болуы.

Имандылық пен қайырымдылық – бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым. Себебі иман бар жерде мейірім бар, ал мейірім бар жерде береке бар. Әр адам қолынан келгенше жақсылық жасап, қоғамға пайдасын тигізсе, елімізде мейірім мен жанашырлық арта түсер еді.

Қорытындылай келе: «Жақсылық жаса да, суға таста. Балық білсін, балық білмесе, халық білсін», – дегендей, нағыз қайырымдылық – мақтан үшін емес, Алланың разылығы үшін жасалатын іс. Себебі біреуге жасаған жақсылығымыз ертең өзімізге сөзсіз еселеп қайтады. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ.

Алла Тағала баршамызды жаны жомарт, қолы ашық жандардан етіп, екі дүниенің бақытына кенелген құлдарының қатарынан болуды нәсіп етсін!

 

Талғар қаласы «Биеке батыр» мешітінің имамы
Қасымхан Қалдыбайұлы