preloader

Мақалалар

Жаман әдеттерден сақтану жолдары

Жаман әдеттерден сақтану жолдары

Адам баласы бұл дүниеге ізгілік пен жақсылық жасау үшін жаратылған. Алла Тағала адамды ең көркем бейнеде жаратып, оған ақыл-парасат, ерік-жігер берді. Жаратылған мақсатына орай әрбір мұсылман өзінің мінез-құлқын түзеп, жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге және жаман әдеттерден аулақ болуға міндетті.

Жаман әдеттер адамды рухани әлсіретіп қана қоймай, қоғамның да бұзылуына жол ашады. Ал дініміз Ислам болса бізді бұл әрекеттен тыйып, көркем мінезге шақырып, зиянды әрекеттерден сақтануға үндейді. Адамзат өзінің түйсігімен, қалауына қарай кез келген дүниеге жақсы-жаман деп анықтама бере алмайды. Өйткені, қасиетті Құранда Алла Тағала: «Расында, Алла әділдікті, игілікті және туыстарға жақсылық жасауды бұйырады. Сондай-ақ, арсыздықтан, жамандықтан және зұлымдықтан тыяды»,  («Нахыл» сүресі, 90-аят) деп бұйырумен пенденің негізгі ұстанатын өмір қағидатын айқындап берді.

Өтірік айту, ғайбат сөйлеу, өсек тарату, жалқаулық, ашушаңдық, қызғаныш, ішімдік пен темекіге әуестік және басқа да зиянды әрекеттердің барлығы дерлік құпталмайтын, адами болмысымызға жат келетін қасиеттер. Мұндай әдеттер адамның абыройын түсіріп, жүрегін қарайтады. Сол үшін де дана  халқымыз да ертеден жаман қылықтардан сақтануға үндеп,  «Жақсымен жолдас болсаң жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа» деп айтар насихатын  бір ауыз сөзге сыйдырған.

Бізді әрдайым игілікке бастаушы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ: «Мұсылман – өзге мұсылмандар оның тілінен де, қолынан да зиян көрмейтін адам», деген (Бұхари, Мүслім). Яғни, хадисте  мұсылман адамның өзгелерге зиян келтірмеуі, оған тіпті ниеттенбеуі қажеттігі  түсіндіріледі. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда өсек айту, біреуді мазақ ету, әлеуметтік желілерде орынсыз пікір жазу сияқты жаман әдеттер кең таралумен қатар, бұл қалыпты жағдайда айналуда. Мұндай әрекеттер адамдардың арасына араздық пен дұшпандық ұялатып, жүректің қараюына себеп болады.

Осындай алауыздықтар адамның жеке басынан бастап, қоғамға да зиян шектіретіні үшін дінімізде өтірік айту үлкен күнәлардың бірі саналады. Пайғамбарымыз ﷺ: «Шындық жақсылыққа бастайды, ал жақсылық жәннатқа бастайды. Өтірік жамандыққа бастайды, ал жамандық тозаққа бастайды»,  деп ескерткен.

Өтірікші адамға ешкім сенбейді, оның беделі төмендейді. Сол үшін қазақ  «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деп, бұл қасиетке жолағанның ақырында қайыр болмайтынын ұқтырған.

Қазіргі таңда көп еленбей, күнә екендігіне мән де берместен кең таралған жаман әдет – ғайбат айту. Ұлы Раббымыз Құран Кәрімде: «Бір-біріңді ғайбаттамаңдар. Сендердің біреулерің өлген бауырының етін жеуді қалар ма еді? Әрине, жек көресіңдер» («Хужурат» сүресі, 12-аят) деумен ғайбаттың қаншалықты ауыр күнә екенін көрсетеді. Өкінішке қарай, адамдар кейде уақыт өткізу үшін өзгелердің кемшілігін сөз етеді, тіпті соны көпшілікке жаюға ұмтылады.

«Тіл мен нәпсі, тыя алған бұл екеуін,

Қолына алар қазынаның жетеуін.» (Жүсіп Баласағұн)

Жаман әдеттердің тағы бірі – жалқаулық. Жалқаулық адамның білім алуына, еңбек етуіне және дамуына кедергі жасайды. Пайғамбарымыз ﷺ жалқаулықтан сақтану үшін Аллаға дұға жасап: «Уа, Алла! Мен Сенен әлсіздік пен жалқаулықтан сақтауыңды сұраймын» деп жалбарынған. Бұл мұсылман адамның еңбекқор әрі белсенді болуы қажет екенін білдіреді.

Қызғаныш та адамды жамандыққа жетелейтін қауіпті дерттердің бірі. Қызғаныш адамның жүрегіне тыныштық бермейді, өзгелердің жетістігін көре алмауға итермелейді. Пайғамбарымыз ﷺ: «От ағашты жегендей, қызғаныш та жақсылықтарды жояды» деген. Сондықтан мұсылман адам өзгелердің жетістігіне қуанып, өзі де адал еңбек арқылы жетістікке ұмтылуы керек.

Ең өзекті деген жаман қасиеттерді атап шықтық. Дегенмен де ,жамандық атауын үлкен, кіші деп бөле алмаймыз. Себебі, жамандық қандай болса да, жамандық. Ендеше, бұл жолда өзімізді тосу үшін не жасай аламыз? Қандай амалдармен ізгілікті ту етеміз? Осы сауалдарға жауап беріп көрейік.

Жаман әдеттерден арылу үшін адам ең алдымен өзінің бойындағы кемшіліктерді мойындап, оларды түзетуге талпынуы керек. Ислам діні әрбір мұсылманды өзін-өзі тәрбиелеуге және нәпсісімен күресуге шақырады.

Жаман әдеттерден сақтанудың бірінші жолы – Аллаға деген сенімді күшейтіп, құлшылыққа көңіл бөлу. Намаз оқу, Құран оқу, дұға жасау адамның жүрегін тазартып, жаман істерден алыстатады. Алла Тағала «Расында, намаз арсыздықтан және жамандықтан тыяды» , («Анкабут» сүресі, 45-аят) деп баяндайды.

Екінші жолы – жақсы орта мен жақсы достарды таңдау. Пайғамбарымыз ﷺ: «Жақсы дос пен жаман достың мысалы әтір сатушы мен көрік үрлеушіге ұқсайды» деп жанымыздағы адамдардың әдеп, қасиеттерінің маңыздылығын көрсеткен. Жақсы адамдармен араласқан адам жақсы қасиеттерді үйренеді, ал жаман орта адамның мінезін бұзады. Демек, әрбір жас өзіне дұрыс дос таңдап, пайдалы істермен айналысуы қажет. Өйткені, «Жаман әдет – жұқпалы».

Расында да, адам айналасындағы адамдардың мінез-құлқынан әсер алады. Сол себепті ата-ана баласының тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оған жақсы өнеге көрсетуі тиіс.

Үшінші жолы – бос уақытты пайдалы істермен өткізу. Білім алу, кітап оқу, спортпен шұғылдану, қоғамдық жұмыстарға қатысу адамды зиянды әдеттерден қорғайды.

Төртінші жолы – ата-ана тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын нығайту. Баланың жақсы немесе жаман әдеттерді қалыптастыруында отбасының орны ерекше.

Бесінші жолы – әрбір істің ақырын ойлау. Жаман әдеттердің уақытша қызығы болғанымен, оның соңы өкініш пен зиянға алып келеді. Сондықтан мұсылман әрбір әрекетін Алланың разылығы тұрғысынан бағалап, өзіне есеп беріп отыруы қажет.

Осылайша, имандылықты күшейту, жақсы ортамен араласу, уақытты тиімді пайдалану, дұрыс тәрбие алу және өзін-өзі бақылау арқылы адам жаман әдеттерден сақтанып, көркем мінезді тұлға болып қалыптаса алады.

Қорытындылай келе, жаман әдеттерден сақтану – әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен хадистер адамды көркем мінезге, адалдыққа, еңбекқорлыққа және ізгілікке шақырады. Жаман әдеттерден арылып, жақсы қасиеттерді бойымызға сіңірсек, өзімізге де, қоғамға да пайда келтіреміз. Ендеше, әрқайсымыз жақсы мінезді қалыптастырып, жаман әдеттерден аулақ болуға күш салайық. Көркем мінез – мұсылманның ең үлкен байлығы.

Алла Тағала баршамызды ізгіліктің жолында болушылардан еткей!

 

 

Алматы облысы Қарасай ауданы «Құртқа» мешітінің имамы

Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы