preloader

Мақалалар

Тазалық – мұсылманның асыл қасиеті

Тазалық – мұсылманның асыл қасиеті

Ислам діні адам өмірінің барлық саласына ерекше мән береді. Соның ішінде тазалық мәселесі – қасиетті дініміздің негізгі құндылықтарының бірі. Тазалық – тек сыртқы келбет пен қоршаған ортаның көркі ғана емес, ол – адамның иманының, мәдениеті мен жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тазалық – иманның жартысы», – деп, мұсылман өміріндегі тазалықтың маңызын айрықша атап өткен. Демек, тазалыққа ұмтылу – әрбір мұсылманның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс.

Шариғатта тазалыққа қатысты көптеген үкімдер бекітілген. Намаздың дұрыс болуы үшін дәрет алу, ғұсыл алу, киім мен құлшылық орнын таза ұстау міндеттелген. Бұл талаптардың барлығы адам денсаулығын сақтаумен қатар, рухани кемелдікке жетелеуді көздейді.

Тазалық ұғымы тек тән тазалығымен шектелмейді. Ислам жүрек тазалығына, ниеттің дұрыстығына және көркем мінезге де ерекше көңіл бөледі. Өйткені адамның шынайы болмысы оның сөзі мен ісінен, адамдармен қарым-қатынасынан көрінеді. Адалдық, кішіпейілділік, сабырлылық пен мейірімділік – рухани тазалықтың айқын белгілері.

Қазақ халқы да тазалықты қастерлеген. «Тазалық – саулық негізі», «Жаны таза адамның ары таза» деген нақыл сөздер ата-бабаларымыздың бұл мәселеге бейжай қарамағанын көрсетеді. Үйдің, ауланың, көшенің тазалығын сақтау – халқымыздың ежелден келе жатқан асыл дәстүрлерінің бірі.

Бүгінгі таңда қоршаған ортаны қорғау мәселесі бүкіл әлем үшін өзекті болып отыр. Табиғаттың ластануы, су көздерінің азаюы, тұрмыстық қалдықтардың көбеюі – адамзат алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан қоршаған ортаға жанашырлық танытып, туған жердің тазалығына үлес қосу – әрбір азаматтың парызы.

Қоғамның мәдениеті әр адамның өзінен басталады. Әрбір азамат өз үйін, ауласын, жұмыс орнын таза ұстап, қоғамдық орындардағы тәртіпке жауапкершілікпен қараса, еліміздің көркеюіне үлкен үлес қосқан болар еді. Себебі тазалық – өркениетті қоғамның ажырамас белгісі.

Жас ұрпаққа тазалық мәдениетін үйрету де аса маңызды. Балалар үлкендердің өнегесіне қарап өседі. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздар сөзбен ғана емес, іспен де үлгі болуы керек. Тазалыққа тәрбиеленген ұрпақ елінің болашағына бейжай қарамайды, табиғатты қорғауға және қоғамдық тәртіпті сақтауға ұмтылады.

Ислам діні мұсылманды тек құлшылық жасауға ғана емес, қоғам игілігі үшін еңбек етуге, айналасына пайдасын тигізуге шақырады. Айналаны таза ұстау, табиғатты аялау, қоғамдық орындарды күтіп ұстау – сауапты істердің бірі. Бұл – дініміздің адам мен қоғам алдындағы жауапкершілікті жоғары қоятынының айқын дәлелі.

Түйіндей айтқанда, тазалық – мұсылманның көркем мінезінің, имандылығының және жоғары мәдениетінің белгісі. Тазалыққа мән берген қоғамның болашағы да жарқын болмақ. Сондықтан айналамызды таза ұстау, табиғатты қорғау және рухани құндылықтарды дәріптеу – баршамызға ортақ міндет.

 

 

 

Қуаныш Жұмаханұлы
Алатау қалалық «Қожа Ахмет Ясауи» мешітінің бас имамы