preloader

Мақалалар

Жүректің қатаюы және оның белгілері

Жүректің қатаюы және оның белгілері

Адамның рухани болмысы оның сыртқы әрекеттерінен ғана емес, жүрегіндегі ниеті мен ішкі дүниесіндегі өзгерістерден де көрініс табады. Ислам дүниетанымында жүрек адамның иманы, ар-ожданы, мейірімі мен рухани жауапкершілігіне қатысты маңызды ұғым ретінде қарастырылады. Ал жүректің қатаюы дегеніміз – адамның ақиқатты қабылдауға, ғибрат алуға, күнәсіне өкініп тәубе етуге және өзгелерге жанашырлық танытуға селқос қарай бастауы. Мұндай рухани әлсіреу бір күнде қалыптаспайды, көбіне адам өз қателіктеріне немқұрайлы қарап, күнәға бой үйретіп, өзін-өзі тәрбиелеуге мән бермеген кезде біртіндеп күшейе түседі.

Алла Тағала «Бақара» сүресі, 74-аятында: «Содан кейін жүректерің қатайды. Олар тас сияқты, тіпті одан да қатты болды», – деп баяндайды. Егер адам ақиқатты естісе де ойланбаса, өзіне жасалған жақсылықты бағаламаса және жасаған қателігін мойындаудан бас тартса, оның жүрегіндегі рухани сезімдер әлсірейді. Дегенмен, адамның жүрегіндегі жағдайға сырттай қарап түпкілікті баға беру дұрыс емес, өйткені әрбір адамның ішкі дүниесін толық білуші – Алла Тағала.

1. Жүректің қатаюының негізгі белгілерінің бірі – күнәға немқұрайлы қарау. Адам алғаш рет қателік жасағанда ар-ожданы мазалап, өкініш сезінуі мүмкін, алайда сол әрекетін қайталай берсе, уақыт өте келе оған үйреніп, күнәнің ауырлығын сезінуден қалуы ықтимал.

Насихатқа құлақ аспау, өзгелердің ақылын менсінбеу, өзін үнемі дұрыс санау және тәкаппарлық таныту да адамның рухани дамуына кедергі келтіреді. Мұндай адамдарды халқымыз «Тәкаппарды тәңірі сүймес» деп сипаттап, одан сақтануды дәріптеген.

2. Жүректің қатаюы адамның өзгелерге деген қарым-қатынасынан да байқалуы мүмкін. Мысалы, мұқтаж адамның жағдайына бейжай қарау, әлсізге жәрдем бермеу, біреудің қайғысына ортақтаспау немесе өзгенің кемшілігін көргенде қуану мейірімнің азайғанын білдіреді. Алла Елшісі ﷺ: «Мейірім танытпағанға мейірім көрсетілмейді», – деп (Бұхари, Муслим) өмірің шынайы ізгілікке ынталы ниетің мен амалыңа қарай болатынын түсіндірген. Демек, жүректі тәрбиелеу тек ғибадаттарды орындаумен шектелмейді, адамның отбасына, көршілеріне, әлсіздерге және жалпы қоғамға жасайтын қарым-қатынасынан да байқалады.

3. Жүректің рухани әлсіреуіне дүниелік істерге шектен тыс берілу, өсек пен ғайбатқа әуестену, шүкіршіліктің азаюы және Алланы еске алуды ұмыту әсер етеді. Алла Тағала: «Алланы еске алу арқылы жүректер тыныштық табады», – («Рағд» сүресі, 28-аят) деумен адамның рухани тыныштығы дүниелік мүмкіндіктермен ғана шектелмейтінін һәм жүрекке шынайы тыныштық беретін Алланы еске алу, Құран оқу және оның мағынасына ой жүгірту екендігін ұқтырады. Алайда ғибадатқа уақытша салғырт қарау немесе көзге жас алмау адамның жүрегі міндетті түрде қатайғанын білдірмейді. Сондықтан әрбір мұсылман өз жағдайын әділ бағалап, үмітсіздікке берілмей, рухани жетілуге ұмтылғаны жөн. Жоғарыда атап өткен дерттерден бөлек, біз елемей жататын кіші күнәлардың да тиісті деңгейде әсері бар. Яғни, белгілі бір амалға немесе тікелей бір мінезге байлап қоюмен жүрек қатаюының негізгі себебі деп дөп басып, шорт кесе алмаймыз. Әр адам өз нәпсісін тану арқылы, жүрегінің дауасын да біле алады. Кез келген аурудың шипасы болатыны секілді, бұл рухани кеселдің де шешімдері бар.

Жүректі жұмсартудың және рухани сезімді күшейтудің тиімді жолдарының бірі – шынайы тәубе ету, Құранмен байланысын нығайту, зікір мен дұғаны көбейту, садақа беру және ізгі амалдарды тұрақты орындау. Бұған қоса, адам күн сайын өз ісіне есеп беріп, біреудің көңілін қалдырған болса, кешірім сұрап, жасаған қателігін түзетуге талпынуы қажет. Өйткені, рухани өзгеріс тек жақсы ойлаумен шектелмей, мінез-құлық пен күнделікті әрекеттердің жақсаруымен де өлшенеді. «Тамшы тас теседі» демекші, аз да болса, тұрақтылықты қолға алып, жақсылыққа ұмтылғанда жүрегіміздің де жұмсарғанын байқай бастаймыз.

Қысқаша айтқанда, жүректің қатайып, күнәға тез бейімделуіне негізгі себептер:

  1. Құран оқылғанда әсерленбеу. Құран аяттарын естігенде ойланбау, оның мағынасына көңіл бөлмеу және ғибрат алмау жүректің рухани әлсіреуінің бір белгісі болуы мүмкін.
  2. Күнәға немқұрайлы қарау.
  3. Көздің жас алмауы және ғибраттан әсерленбеу.
  4. Өзгелерге мейірімсіздік таныту.
  5. Өзін үнемі дұрыс санау.
  6. Ғибадатқа салғырт қарау.
  7. Дүниеге шамадан тыс берілу.
  8. Көп сөйлеп, аз ойлану.

Ал оның шешімі төмендегідей:

  1. Шынайы тәубе ету. Қателігін мойындап, Алладан кешірім сұрау.
  2. Құран оқу және мағынасына ой жүгірту. Аяттарды тек тілмен оқып қоймай, өмірмен байланыстыру.
  3. Зікір мен дұғаны көбейту. Алланы жиі еске алу.
  4. Өлім мен ақыретті еске алу. Өмірдің өткіншілігін түсініп, уақыттың қадірін білу.
  5. Мұқтаждарға көмектесу. Садақа беру, жетімдерге қамқорлық жасау, мұқтаж жандардың жағдайын ойлау.
  6. Жақсы адамдармен араласу. Ізгі орта адамды жақсылыққа ынталандырады.
  7. Өзін күн сайын есепке алу. «Бүгін кімнің көңілін қалдырдым? Қандай қателік жасадым? Нені түзете аламын?» деп ойлану.

Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде: «Денеде бір кесек ет бар. Ол түзелсе, бүкіл дене түзеледі. Ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Расында, ол – жүрек», – деген (Бұхари, Муслим). Сондықтан әрбір мұсылман өзгенің кемшілігін іздеуден бұрын өз жүрегіне үңіліп, ниетін түзетуге және көркем мінез қалыптастыруға ұмтылуы тиіс.

 

Алматы облысы Қарасай ауданы «Құртқа» мешітінің имамы
Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы