«БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЖАМАҒАТ»: ҚАПШАҒАЙ МЕШІТІНДЕ ИГІ ДӘСТҮР ЖАЛҒАСУДА
Алматы облыстық «Қапшағай» орталық мешітінде жамағат арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайту мақсатында әр бейсенбі сайын «Бірлігі жарасқан жамағат» атты рухани кездесу ұйымдастырылып келеді.
Игі бастама аясында мешіт жамағаты бір дастархан басына жиналып, өзара сұхбат құрып, бауырластық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар кездесулер барысында имамдар тарапынан уағыз-насихат айтылып, ислам дініндегі бірлік, татулық, өзара сыйластық пен бауырмалдық құндылықтары кеңінен түсіндіріледі.
Рухани басқосуда жамағатты ынтымаққа, өзара қолдау көрсетуге, қоғамдағы татулықты сақтауға және ізгі амалдарды бірге атқаруға шақыратын тағылымды насихаттар жүргізіледі.
Аталған шараның басты мақсаты – мешіт жамағаты арасындағы рухани байланысты күшейту, мұсылман бауырластығын дәріптеу және ортақ құндылықтар төңірегінде жамағаттың бірлігін арттыру.
«Бірлігі жарасқан жамағат» атты рухани кездесулер алдағы уақытта да әр бейсенбі сайын тұрақты түрде жалғасады.


