ІЛЕ АУДАНЫНДА МЕШІТ ЖАМАҒАТТАРЫ АРАСЫНДА ФУТБОЛ ЖАРЫСЫ ӨТТІ
Республика күніне орай Алматы облысы Іле ауданында мешіт жамағаттары арасында футболдан спорттық жарыс ұйымдастырылды. Аталған шараның негізгі мақсаты – мешіт жамағаттары арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайту, өзара бауырластық пен достық қарым-қатынасты арттыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау.
Спорттық додаға аудан аумағындағы мешіттердің жамағаттары қатысып, өзара бақ сынасты. Жарыс барысында командалар белсенділік танытып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Байсерке ауылындағы «Хайыр Ихсан» мешітінің командасы, ІІ орынды Н. Тілендиев ауылындағы «Сманқұл» мешітінің командасы, ал ІІІ орынды «Төле би» мешітінің командасы иеленді.
Шара соңында жеңімпаз командалар құттықталып, жарысқа қатысқан барлық мешіт жамағаттарына белсенділіктері мен спорттық сайысқа қосқан үлестері үшін алғыс білдірілді.
Мұндай спорттық шаралар жамағат арасындағы бауырластықты нығайтып, өзара сыйластықты арттыруға және қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.


