preloader

Мақалалар

ЖҮРЕК ТАЗАЛЫҒЫ

ЖҮРЕК ТАЗАЛЫҒЫ

Мұсылман үшін тән тазалығымен қатар, жүректі рухани дерттерден сақтау да маңызды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, адамның денесінде бір кесек ет бар. Егер ол түзелсе, бүкіл дене түзеледі. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Расында, ол – жүрек», – деген (Бұхари, Мүслим). Жүрекке зиян келтіретін рухани дерттерге күпірлік, ширк, екіжүзділік, рия, тәкаппарлық, көреалмаушылық, сараңдық пен орынсыз ашу жатады. Бұлар адамның иманына, мінезіне және қоғамдағы қарым-қатынасына кері әсер етеді.

Жүрекке қауіпті рухани дерттер

Күпірлік пен ширк.

Күпірлік – иманның қарама-қарсысы, ал ширк – Алла Тағалаға ғана тән құлшылықты басқаға бағыштау. Бұл – исламдағы ең ауыр күнәлардың бірі. Құран Кәрімде: «Расында, Алла Өзіне серік қосылуын кешірмейді. Ал бұдан өзге күнәларды қалаған құлы үшін кешіреді» («Ниса» сүресі, 48-аят), – делінген. Сондықтан мұсылман иманын берік сақтап, Аллаға шүкіршілік етуі қажет.

Екіжүзділік.

Бұл – адамның сөзі мен ісінің, сыртқы көрінісі мен ішкі сенімінің үйлеспеуі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұнафықтың белгісі үшеу: сөйлесе – өтірік айтады, уәде берсе – орындамайды, аманат тапсырылса – қиянат жасайды», – деген (Бұхари, Мүслим). Екіжүзділік адамдар арасындағы сенімді әлсіретіп, қоғамда алауыздық туғызады.

Бидғат және діни сауатсыздық.

Діни мәселелерде Құран мен сүннетке, сенімді ғұламалардың түсіндірмелеріне сүйену маңызды. Білімсіз үкім шығару, дәлелсіз пікір тарату және орынсыз діни фанатизм қоғам бірлігіне нұқсан келтіреді. Сондықтан мұсылман діни білімді білікті мамандардан үйреніп, ҚМДБ-ның ресми діни ұстанымдарын басшылыққа алғаны жөн.

Рия.

Рия – адамдардың мақтауы мен қошеметіне ие болу үшін ізгі амал жасау. Мұндай әрекет құлшылықтағы ықыласқа нұқсан келтіреді. Қазіргі қоғамда бұл дерт әлеуметтік желілерде де көрініс табуы мүмкін. Сондықтан мұсылман әрбір амалының ниетіне мән беріп, жақсылықты Алланың разылығы үшін жасауға ұмтылуы тиіс.

Нәпсі дерттерінің қоғамға зияны

Тәкаппарлық, көреалмаушылық, сараңдық, дүниеқоңыздық пен орынсыз ашу да адамның рухани болмысына кері әсер етеді. Тәкаппарлық сыйластықты азайтса, көреалмаушылық татулықты бұзады, ал сараңдық қайырымдылыққа кедергі келтіреді. Мұндай мінездер отбасындағы берекеге, адамдар арасындағы сенімге және қоғамның бірлігіне зиян тигізеді. Сондықтан рухани тәрбиенің маңызы жеке адам үшін де, тұтас қоғам үшін де зор.

Жүректі тазартудың жолы

Жүректі рухани дерттерден сақтау үшін мұсылман Құран оқып, оған амал етуі, Алланы жиі еске алып, тәубе мен истиғфарды көбейтуі, ниетін түзеп, көркем мінез қалыптастыруы қажет. Сонымен қатар адалдықты, аманатқа беріктікті және өзгеге құрмет көрсетуді өмірлік ұстанымға айналдыруы тиіс. Жүрек тазалығы – имандылық пен көркем мінездің негізі. Адам өзгенің кемшілігін іздеуден бұрын, өз жүрегіне үңіліп, нәпсісін тәрбиелеуге мән беруі керек. Өйткені жеке адамның рухани түзелуі – қоғамның ізгіленуіне бастайтын жол.

Алла Тағала жүрегімізді иман нұрымен нұрландырып, нәпсімізді тәрбиелеуді және көркем мінезді құлдарының қатарынан болуды нәсіп етсін!

Талғар ауданының бас имамы

Қаби Ринат Маратұлы