ҚАЗАҚТЫҢ АМАНАТ ҰҒЫМЫ: ДӘСТҮР МЕН ДІНДЕГІ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Қазақ халқының дүниетанымында адамгершілік, адалдық, ар-намыс және жауапкершілік ұғымдары ерекше орын алады. Осындай асыл қасиеттердің бірі – аманатқа адал болу. Халқымыз «Аманатқа қиянат жүрмейді» деп, өзіне сеніп тапсырылған дүниеге жауапкершілікпен қарауды ұрпақ санасына сіңірген. Бұл ұстаным халқымыздың ұлттық тәрбиесімен ғана емес, асыл дініміз Исламның құндылықтарымен де тығыз байланысты.
Аманат – тек біреудің уақытша тапсырған заты немесе дүниесі ғана емес. Ол – адамның мойнына жүктелген міндет, артылған сенім, берілген уәде және өз ісіне деген жауапкершілік. Сондықтан аманатқа беріктік адамның имандылығы мен көркем мінезінің маңызды көрсеткіштерінің бірі саналады.
Аманатқа адалдық – имандылықтың белгісі
Ислам дінінде аманатқа адал болуға ерекше мән берілген. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Расында, Алла сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруды бұйырады» («Ниса» сүресі, 58-аят), – деп әмір етеді.
Бұл аят әрбір мұсылманның өзіне сеніп тапсырылған міндетті адал орындауы қажеттігін білдіреді. Аманатқа қиянат жасау тек жеке адамға емес, қоғамдағы өзара сенімге де нұқсан келтіреді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұнафықтың белгісі үшеу: сөйлесе – өтірік айтады, уәде берсе – бұзады, аманат тапсырылса – қиянат жасайды», – деген (Бұхари, Мүслим).
Хадисте айтылған үш қасиет адамның мінез-құлқы мен жауапкершілігіне тікелей қатысты. Демек, шынайы мұсылман өзіне артылған сенімді ақтап, сөзі мен ісінде адалдықты басшылыққа алуы тиіс.
Қазақ халқы да аманатқа немқұрайды қарамаған. Ата-бабаларымыз біреудің тапсырған дүниесін көзінің қарашығындай сақтап, иесіне аман-есен жеткізуді азаматтық борыш санаған. Тіпті аманатқа қиянат жасауды ар алдындағы үлкен мін деп білген.
Уәдеде тұру – азаматтықтың өлшемі
Аманат ұғымымен сабақтас маңызды қасиеттің бірі – уәдеге беріктік. Қазақтың «Уәде – Құдай сөзі» деген нақылы айтылған сөздің салмағын, берілген серттің жауапкершілігін аңғартады.
Ислам дінінде де уәдеде тұру мұсылманның көркем мінезіне жатқызылады. Алла Тағала Құранда: «Уәделеріңді орындаңдар. Өйткені уәде үшін жауап беріледі» («Исра» сүресі, 34-аят), – деп ескертеді.
Адамның берген уәдесін орындауы – оның сенімділігі мен парасаттылығының көрінісі. Ал уәдеге немқұрайды қарау адамдар арасындағы сыйластықты әлсіретіп, сенімге сызат түсіреді.
Бүгінгі қоғамда уәдеге беріктік отбасылық қарым-қатынаста, қызмет барысында, сауда-саттықта және күнделікті тұрмыста аса маңызды. Мәселен, ата-ананың баласына берген уәдесін орындауы оның бойында сенім мен жауапкершілік қалыптастырады. Сол сияқты қызметкердің өз міндетін уақытында атқаруы, кәсіпкердің келісімге адал болуы да уәдеге беріктіктің нақты көрінісі.
Халқымыз «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» деп, сөзінде тұруды азаматтықтың биік өлшемі санаған. Бұл – ұлттық тәрбиенің Ислам құндылықтарымен үйлесетін тұстарының бірі.
Адалдық – адамдықтың асыл қасиеті
Адалдық – аманат пен уәдеге беріктіктің негізі. Адал адам өзгенің ақысына қол сұқпайды, біреудің сенімін теріс пайдаланбайды, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайды.
Қазақ халқы «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді» деген ұстанымды өмірлік қағидаға айналдырған. Ұрпағын адал еңбек етуге, маңдай терімен табыс табуға, кісі ақысын жемеуге тәрбиелеген.
Ислам діні де адал еңбекті, әділдікті және шынайылықты дәріптейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шыншылдық жақсылыққа бастайды, ал жақсылық жәннатқа жетелейді», – деген (Бұхари, Мүслим).
Адалдық тек сөз жүзінде емес, күнделікті іс-әрекетте көрініс табуы қажет. Саудада таразыдан жемеу, қызметте әділ болу, өзгенің еңбегін бағалау, қоғамдық мүлікке жанашырлық таныту – мұның барлығы адалдықтың белгісі.
Әсіресе, қазіргі уақытта адалдық пен жауапкершілік мәселесінің маңызы арта түсті. Қоғамдағы жемқорлық, алаяқтық, өтірік ақпарат тарату, сенімге қиянат жасау секілді келеңсіз әрекеттердің алдын алу әр адамның ар-ұжданынан басталады.
Отбасы мен қоғам алдындағы аманат
Аманат ұғымының ауқымы кең. Ата-ана үшін бала – аманат, перзент үшін ата-ананың ақысын өтеу – жауапкершілік. Отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сыйластығы, ұрпақ тәрбиесі, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету де осы ұғыммен сабақтас.
Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған. Өйткені адалдық пен жауапкершілік ең алдымен отбасындағы өнегеден қалыптасады.
Ата-ананың перзентіне дұрыс тәрбие беруі, баланың үлкенге құрмет көрсетуі, ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы – отбасы тұрақтылығының негізі.
Сондай-ақ елге қызмет ету, қоғамдық міндетті адал атқару, халықтың сенімін ақтау да үлкен аманат. Басшылық қызметте жүрген азаматтың әділдігі, ұстаздың шәкірт алдындағы жауапкершілігі, дін қызметкерінің жамағатқа дұрыс бағыт-бағдар беруі – барлығы өз ісіне адал болуды талап етеді.
Демек, аманатқа адалдық жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның берекесі мен бірлігін нығайтатын құндылық.
Дін мен дәстүр сабақтастығы
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ізгі дәстүрлері Ислам дінінің адамгершілік қағидаларымен үйлесім тауып келеді. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, жетімге жанашырлық таныту, көрші ақысын сақтау, уәдеде тұру және аманатқа қиянат жасамау – халқымыздың рухани болмысынан орын алған қасиеттер.
Дін адамды жауапкершілікке, әділдікке және адалдыққа шақырса, ұлттық дәстүр осы қасиеттерді күнделікті өмірде жүзеге асыруға тәрбиелейді.
Бабаларымыз ұстанған «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген нақыл да ар-намысты дүниелік мүддеден жоғары қоюдың маңызын көрсетеді.
Сондықтан дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қою емес, олардың адамгершілікке үндейтін ортақ құндылықтарын дәріптеу – бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды міндеттердің бірі.
Қорытынды
Аманатқа адалдық, уәдеге беріктік және шынайылық – адам бойындағы имандылық пен ізгіліктің айқын көрінісі. Бұл қасиеттер берік орныққан қоғамда өзара сенім артып, татулық пен береке нығаяды.
Бүгінгі ұрпаққа аманаттың мәнін түсіндіру – тек діни тәрбие ғана емес, ұлттық құндылықтарды сақтаудың да маңызды жолы. Әрбір адам өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, берген уәдесінде тұрып, адал еңбек етсе, қоғамның рухани дамуына үлес қосары сөзсіз.
Аманатқа адал болу – ата-бабадан қалған асыл өнеге, дініміз дәріптеген ізгі қасиет және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Ендеше, аманатқа қиянат жасамай, сөзімізге берік, ісімізге адал болу – баршамыздың ортақ парызымыз.
Талғар ауданының бас имамы
Қаби Ринат Маратұлы

