ҰЙҒЫР АУДАНЫНДА «ОТБАСЫЛЫҚ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ АДАЛ ҚОҒАМ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ
Алматы облысының Ұйғыр аудандық мәдениет үйінде «Отбасылық тәрбие және адал қоғам» тақырыбында рухани-танымдық семинар өтті. Жиында облыстың бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы баяндама жасап, адал қоғам қалыптастырудағы отбасы тәрбиесінің маңызына, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне тоқталды.
«Отбасы – қоғамның негізі, тәрбиенің бастауы. Адалдық, әділдік, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттері ең алдымен отбасында қалыптасады. Ислам дінінде ұрпақ тәрбиесі ата-анаға жүктелген үлкен аманат саналады», – деді облыстың бас имамы.
Сонымен қатар семинарда Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы сөз сөйледі. Семинарға ауданның дін қызметкерлері, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер, отбасын қолдау орталықтарының өкілдері, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің мүшелері және аудан тұрғындары қатысты. Семинар аясында діни білім алып жүрген шәкірттерге қолдау көрсету мақсатында Үшқоңыр медресе-колледжінің екі студентіне бір жылдық шәкіртақы табысталды.


