preloader

Мақалалар

Құрбан айт мерекесінің мән-мағынасы

Құрбан айт мерекесінің мән-мағынасы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Құрбан айт немесе Құрбан байрам – мұсылмандардың ең маңызды діни мерекелерінің бірі. 2023 жылы бұл күн 28, 29 және 30 маусым күндері атап өтіледі.

Бұл мезгілде Алла Тағаланың құлдары Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) құрбандығын еске алады. Құран Кәрімнің 37-ші «ас-Саффат» сүресінде  Жаратушы Алла Ибраһимге уахи етіп, ұлы – Исмаилды құрбандыққа шалуды бұйырады.

Бойын билеген қорқынышқа қарамастан, Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) Алла Тағаланың еркін орындауға шешім қабылдайды. Ең соңғы сәтте Алла бұл құрбанды қошқарға ауыстыруды бұйырады.

Содан бері мұсылмандар Ибраһимнің сенімге деген адалдығы мен Құдайдың рақымын еске алып, осынау ізгі мерекені тойлайды.

Құрбан айт басталар алдында барлық мұсылмандар мүмкіндігінше толық дәрет алуы тиіс. Сонымен қатар, киімге ерекше назар аудару керек. Құрбан айтты ұқыпсыз түрде қарсы алуға болмайды.

Мереке күні бір-бірімен кездескен мұсылмандар «Құрбан айт құтты болсын! Алла бізден де, сіздерден де қабыл етсін» деп ізгі тілек білдіреді.

Хадистерде келгендей, айт күндері жасалатын игі істердің ең абзалы – құрбан шалу. Ханафи мәзһабы бойынша (құрбан айт күндері) құрбан шалуға шамасы келген дәулетті (қажетінен тыс зекеттің нисап мөлшеріне жеткен), азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға – уәжіп, яғни міндет.

Атап айтқанда, құрбандыққа шалынатын қой немесе ешкінің жасы кемі 1 жас, сиырдың жасы кемі 2 жас, ал түйенің жасы кемі 5 жас болуы керек.

Бұдан бөлек, бұл күндері қайыр-садақа беріп, туыстардың үйіне барып, хабарын алып, хал-жағдайын сұрау, ата-бабаларды еске алып, қасиетті Құран бағыштау, жетім балаларға сүйіспеншілік таныту, кедейлер мен мұқтаждарға көмек қолын созу және өзге де игі істер жасаған абзал болады.

Алла Тағала баршамызға Құрбан айт күні рухани қуанышты және Өзінің мейірімділігін сезінуді нәсіп етіп, шалған құрбандықтарымызды қабыл алсын! Әмин!

Мадияр қажы Тағайбайұлы,

Алматы облысының бас имамы