preloader

Мақалалар

Адамның разылығына емес, Алланың разылығына ұмтыл

Адамның разылығына емес, Алланың разылығына ұмтыл

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Біз адамдар өзгелердің пікіріне тым көп мән беретін заманда өмір сүріп жатырмыз. Көбінесе, қандай да бір амалды орындаған кезде Алла Тағаланың разылығын емес, адамдардың разылығын ойлайтындар баршылық.

Бұл таңқаларлық жағдай емес, өйткені біз әлеуметтік жаратылыспыз, және біз өзімізге айналамыздағы адамдардың көзімен қарайтынымыз ақиқат.

Әрдайым өз әрекеттерімізді шариғатымыздың шеңберімен тексеріп отырудың орнына, сырттан біреудің баға беріп, жақсы немесе жаман екенін айтуын күтеміз.

Негізінде, кейбір жағдайларда ата-аналарымыздың, туыстарымыздың, жақындарымыздың, достарымыздың және белгілі-бір салада күнделікті тәжірибесі мен білімі бар адамдардың пікіріне құлақ асуымыз керек.

Алайда үнемі: «Олар мен туралы не айтады, не ойлайды?», «Егер біреу мені айыптаса ше?», «Біреу мені айыптайтын болса ше?» деген ойлардан аулақ болғанымыз абзал.

Егер біз дініміздің нұсқауларын орындау туралы айтатын болсақ, ешбір жағдайда басқалардың бұған қайшы келетін пікірлерін ескермей, Алланың разылығын табуға тырысуымыз керек.

Қоршаған ортамыздағы адамдардың пікіріне жиі назар аудармауымыз керек, себебі олар біздің іс-әрекетіміз туралы әртүрлі, кейде қарама-қарсы пікірлер айтуы мүмкін.

Сол себепті бізде бір ғана жол бар: әрқашан және барлық нәрседе Алла Тағаланың разылығын алуға ұмтылу және осылайша адамдардың разылығына жету.

Адамдардың пікіріне мән бермей, үнемі Алланың разылығы үшін талпынған мұсылман ақырында Алла Тағаланың разылығына да, адамдардың разылығына да ие болады.

Ал, Алла Тағаланың қаһарына мән бермей, адамдардың разылығын алғысы келген адам ақырында Алланың қаһарына да, адамдардың қаһарына да ұшырайды.

Дегенмен, тек өз пікіріңізге сүйеніп, өзгелер тарапынан айтылған жақсы кеңестерді мүлдем елемеуге болмайды. Бейтаныс адамдардың, соның ішінде мұсылман еместердің айыптауына себеп болатын мінез-құлық мұсылманға лайық емес.

Біздің қоғамдағы сыртқы келбетіміз, киіміміз бен жүріс-тұрысымыз әрқашан Ислам қағидаларына сай болуы керек, бірақ сонымен бірге бұл адамдар арасында дұшпандық пен наразылық тудырмауы керек.

Қорыта келе, Алланың разылығына жету – пайғамбарлар мен ізгілердің жолы, мұсылмандар үшін өмірдегі ең биік мақсат. Біз осы жолдан барынша таймауымыз қажет.

Алла Тағала ақиқатты хақ етіп көруімізді жазып, баршамызға Өзінің разылығына жетуімізді нәсіп етсін. Әмин!

Еркебұлан Ерболатұлы,

Іле ауданы, Ынтымақ ауылы «Биләл ибн Раббах» мешітінің имамы