preloader

Жаңалықтар

Наиб мүфти – Тараз қаласында

Наиб мүфти – Тараз қаласында

Күндердің сұлтаны қасиетті жұма күні Тараз шаһарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы арнайы іссапармен келді.

Наиб мүфтидің іссапары Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенттерімен кездесуден басталды. Шараға ҚМДБ Жамбыл облыстық өкілдігінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев пен Дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев қатысты. Ершат Ағыбайұлы «Жастар және ізгі қоғам» тақырыбында насихат айтып, мүфтият бекіткен 5 бағытты арнайы талдап атап өтті. Қазақ халқының дәстүрі мен Ислам діні атам заманнан сабақтасып дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, шариғатымыздың білім алуға үндейтінін жеткізді. Сондай-ақ жастардың қазіргі қоғамдағы түйткілді сұрақтарына жауап беріп, еркін форматта сұхбат құрды.

Бұдан кейін наиб мүфти орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде жұма уағызын жүргізді. Тараз қаласының жамағатымен жүздесіп, «Біз және ғаламтор» тақырыбында уағыз айтқан наиб мүфти ең алдымен әлеуметтік желі әдебіне тоқталып, жас жеткіншектің желіге байлануынан сақтану қажеттігін ескертті. 

Сапар барысында наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті жанынан құрылған «Әжелер алқасының» мүшелерімен жүздесті. Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы әжелермен таныстырып, атқарып жатқан нәтижелі жұмыстарын тілге тиек етті. Кездесуде наиб мүфти биылғы «Ислам және ізгі қоғам» жылы туралы, оның мақсаты жайлы атап өтті. Осындай діндар әжелеріміздің жастарға уағызы, ене мен келін мәселесінде берер ақыл-кеңесі керектігіне тоқталды. Телефоннан бас көтермейтін көпшілікті бұрынғы әжелердің жолымен насихаттау қажеттілігін жеткізді. Сонымен қатар наиб мүфти ақжаулықты әжелермен бірге мешіт жанынан ашылған «Дін мен дәстүр» мұражайын аралады. «Әжелер алқасының» мүшелері мен төрайымы Жәмилә Жұмабаева мұражайдағы облыс деңгейінде жиналған көне бұйымдарды таныстырып, өңірдегі барлық ақ жаулықтылардың атсалысқанын атап өтті. Әрбір бағалы бұйымдар жайлы ақпарат беріп, көпшілік қазақ үйдің ішінде сұқбат құрды. Сонымен қатар әжелер алқасының құрылудағы мақсатын, атқарып жатқан жұмысын, міндеттерін сөз етті.

Наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы бұдан кейін өңірдегі «Халал Даму» мекемесінің өңірдегі өкілдік жұмысымен танысты. Бас имам Бейбіт Мырзагелдиев «Халал Дамуға» жауапты мамандардың жетістіктерін тілге тиек етіп, өңірдегі халал куәлігін алуға деген сұраныс жайлы статистикалық мәліметтер беріп өтті. Абылайхан Ғабитұлы халал өнімдерді тексеру барысын, жұмыс бабын баяндап өтті. Наиб мүфти жас мамандарға сәттілік тілеп, батасын берді. 

Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» тілшілері Тараз шаһарына арнайы ат басын тіреген наиб мүфти Ершат Ағыбайұлымен сұхбаттасты. Түсірілім облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті жанынан ашылған «Дін мен дәстүр» мұражайында жасалды. Сүбеелі сұхбат «Мәдени антропология» төңірегінде өрбіді. Наиб мүфти тақырып аясында кестелі әңгіме айтып, тілшілердің сауалдарына мардымды, ой саларлықтай жауаптар берді.