Діни бірлестіктер жетекшілері «Open Air» форматында бас қосты
Алматы облысы Жамбыл аудандық «Шынасыл» мешітінде «Әз-Наурыз – ұлттық сананың, ұлттық бірліктің жарқын көрінісі» атты өңірімізге қарасты діни бірлестіктер жетекшілерінің «Open Air» форматындағы бас қосу болып өтті.
Игі шараға Алматы облыстық орталық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы Сәкен Еншібайұлы, Астана және Алматы Епархиясының «Ұзынағаш ауылы Қазан храмының приходы» ЖПДГ-нің жетешісі Геннадий Георгиевич, Астана және Алматы Епархиясының «Мынбево ауылы Иоанн-Богослов храмының приходы» ЖПДБ-нің жетекшісі Валерий Владимирович, «Ұзынағаш ауылының Інжілдік Мәсіхші Баптистер Қауымы» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Сергей Александрович, Інжілдік христиан-баптистердің «Вечная жизнь» Ұзынағаш шіркеуі жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Сон Геннадий, «Қарғалы ауылындағы Христиан Інжілдік Елуіншілер шіркеуі «Өмір бұлағы» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Максим Олегович және де жергілікті аудан имамдары қатысты.
Алдымен діни бірлестіктердің жетекшілері Жамбыл Жабаев атамыздың мұражайын аралап, рухына Құран бағыштап, дұға жасады.
Жамбыл аудандық «Шынасыл» мешітінің ауласына ағаш отырғызғаннан кейін, жиналған көпшілік арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, жеңімпаздар мен жүлделі орын иегерлері бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Игі шара соңыңда келген қонақтарға мерекелік ақ дастархан жайылып, наурыз көже сияқты ұлттық тағамдар тарту етілді.
Ақ дастархан үстінде Сәкен Еншібайұлы сөз бастап:
«Исламда өзге дін өкілдерімен жасалатын қарым-қатынастың қағидаттары шариғаттың негізгі қайнар көздері – Құран мен сүннетте бекітілген. Дәстүрлі дініміз кез келген дін өкіліне құрметпен қарауды, адамдарды нәсіліне, ұлтына, дініне байланысты бөлмеуді насихаттайды» десе, «Сәт» мешітінің имамы Серік ақсақал Ислам дінінің адамзатты бірлікке, ынтымаққа шақыратынын айтты.
Алматы облысы Жамбыл ауданының «Ішкі саясат мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің» басшысы Айткүл Жұмағалиқызы болса осындай ауқымды шараны өткізуге атсалысқан барша жандарға, оның ішінде жаңадан тағайындалған «Шынасыл» мешітінің бас имамы Бақыт Әбдіисламұлына және мешіт ұжымына ризашылығын білдірді.
Берекелі жиын «Сәт» мешітінің имамы Серік ақсақалдың ақ батасымен аяқталды.