preloader

Жаңалықтар

Алматы облыстық орталық мешітінде Наурыз мерекесі атап өтілді

Алматы облыстық орталық мешітінде Наурыз мерекесі атап өтілді

Алматы облыстық орталық «Қапшағай» мешітінде әз-Наурыз мейрамы ауқымды деңгейде аталып өтті. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әрдайым дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттауға көп көңіл бөліп келеді. Биылғы жыл «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жарияланып, осы бағытта көптеген игі шаралар атқарылуда.

Осындай шаралар біздің өңірімізде де көрініс табуда. Бүгін міне, ақ түйенің қарны жарылған күн – Әз-Наурыздың құрметіне Алматы облыстық орталық мешіті және Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесе отырып мешіт жамағаты арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырды.

Мерекелік іс-шараның алғы сөзін Алматы облысы ардагерлер алқасының төрағасы Ерболат Сапарұлы алып, елдің ертеңі үшін халыққа ақ батасын беріп, барша дүйім жұртты әз-Наурыз мерекесімен құттықтады.

Өз кезегінде Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы да жиналған көпшілікті береке мен ынтымақтың бастауы болған мерекенің келуімен құттықтап, спорттық жарыстарға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Молдахметұлы да қала тұрғындарын шуақты көктем мерекесімен құттықтады.

Мерекелік шара барысында асық ату, садақ ату, арқан тартыс, қошқар көтеру, қол күрес сынды ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өтіп, жеңімпаздар мен жүлделі орын иегерлеріне арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Сондай-ақ, мешіт ауласында қазақы киіз үй тігіліп, наурыз көже таратылып, ақ дастарқан жайылды.