БАРЫҢА ҚАНАҒАТ ЕТЕ БІЛ
Ислам дінінің негізгі мақсатарының бірі – адам баласын жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеу. Яғни иманы кәміл мұсылман кісінің бойында көркем мінезге жататын әдептілікпен бірге рухани қасиеттер де болу керек деген сөз. Осы рухани қасиеттердің бірі де – қанағат.
Қанағат барына, қол жеткізген табыстарына разы болып, шүкіршілік етіп ішіп- жеу, яғни көңіл қалауларынан азда болса тыйылу, шыдау дегенді білдіреді.
Бұл кеселдің жазылуы дәрінің ащылығына шыдауға ұқсайды. Қанағат – пайғамбарлар мен ізгілер ұстанған жол. Сондықтан күнәһар болу, ақыретті ойран ету ақылды адамның ісі емес. Бұл баршаның бойына жарасатын көркем сипат, ешқашан ортаймайтын қазына – дәулет. Қанағат дегенде азғана тірлік істеп қоя салу емес, күші жететіндей, қолынан келетіндей жұмыс істеу мұсылман кісінің міндеті болып табылады. Негізгі мақсат осы жұмысының жемісі аз бола ма, көп бола ма оған қанағат ету.
Қанағат – әдептіліктің басты белгісі. Ол адамның сана-сезімі мен іс-қимылындағы жақсы әдет. Қанағатты әдетке айналдырған жан өмір бақи игілігін көреді. Өйткені ол адамшылық жолдан тайдырмайды, аздың өзіне қанағат қылдырады. Сондай-ақ ол ашкөзділікке жібермейді, біреудің дүние-затына сұқтандырмайды, сұғанақтық жасаттырмайды. Сондықтан қанағатшыл кісі жұмсак, кішіпейіл де қарапайым болып, көптің құрметіне ие болады.
Аллаһ Тағала бүкіл адамзат баласының ырыс-несібесіне өзі кепілдік беріп қойған. Мына төмендегі аятта: «Дүние жүзіндегі барша тіршілік иелерінің ырыс-несібесі тек қана Аллаһқа ғана тән» (Һұд сүресі 6-аят) дей келе Аллаһ Тағала өз құлдарының ырыс-несібелері жайлы алаңдамауын айтып көрсеткен. Алайда Аллаһ Тағала өз ырыс-несібесін кейбір құлдарына молырақ берсе, кейбір құлдарына аз мөлшерде береді.
Яғни Аллаһ Тағала пенделерінің біріне молырақ дүние берсе, кейбіреулеріне кем қылып береді. Міне, осы сәттен бастап ортаға қанағат деген ұғым туады. Еншісіне ырыс-несібеден көп тиген құлдар ашкөздіктен және сараңдықтан арылып мал-мүлікті керекті жерге сарп ете білуі керек. Ал ырыс-несібеден аз тиген құлдар осы берілген дүниеге разы болып, дүниеге деген көз тоймаушылықтан сақтанулары қажет. Демек, қанағат ұғымы тек кедей адамдарға ғана тиісті емес екен, бұл сондай-ақ бай адамдардың да таусылмас дәулеті екен. Сондықтан бай болсын, кедей болсын осы қанағат жолын ұстануы қажет. Өйткені қанағатсыздық ашкөздік пен көре алмаушылықты тудырары анық. Мұндай қасиетке ие болған кісі ешқашан жақсылыққа жете алмайды.
Мәселен қаншама мол байлығы болса да, оны қанағат қылмайтындар кездеседі. Ондайлар «болған сайын, болсам деп, толған сайын, толсам» деп, барған сайын ашкөзділікке салынып, құдайдың қанағат, нысабын ұмытады, сөйтіп жалған сөйлеп, екі жүзділікке барады. Кедей «бай болам деп талпынса, қанағатты ұмытқан бай құдай болам» деп күпіршілікке барады.
Қадым заманға үңілетін болсақ, қолында зор билігі бар үлкен мансап иесінің аш көз, тойымсыздығы ел үшін қанша ауыр қасіретті, кесепатты болғаны туралы тарихта мысал аз емес.
Мұндай мысалдарды өзге халықтардың әдебиетінен де мол кездестіруге болады. Мәселен, орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек» деген әйгілі әңгімесінің кейіпкері қанағатсыздықтан, жерді көп аламын деп, жүгіре-жүгіре, зорығып өледі де екі метр жерге көміледі. А.Пушкиннің бала күннен әркімге жақсы таныс «Алтын балық» туралы аңызындағы тойымсыз кемпірдің қайғылы тағдыры жастарға көп нәрсені аңғартса керек.
Хадис шарифте: «Мұсылман болып жеткілікті табысы болған және осыған қанағат еткен кісі қандай бақытты» (Риядус Салихин І т. 514 х.) деп, Пайғамбарымыз (с.а.у.) қанағатшыл адамды бақытты адамға теңеп кеткен.
Егер адам көрпесіне қарап көсілмесе, керекті-керексіз нәрселерге қаржы жұмсала берсе, ысырап пен шығын есігі үлкейіп кетеді. Ысрапкершілік бар жерде ешқашан байлық болмайды. Ақша табу оны жұмсағандай оңай емес, адал ақша табу үлкен бір тасты биік таудың төбесіне алып шығуға, ал оны жұмсау тасты төбеден төменге домалатып жіберуге ұқсайды.
Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) : «Бірнеше күнге жетуі мүмкін азықты бір күнде сарп еткен отбасын өте жек көремін»,-деген.
Бұл жөнінен біздің халқымыздың мыңдаған жылдық тәжірбиесінен қорытылған даналық тұжырымдары бар: «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызады», «Қоя жесең қой қалады, тарта жесең тай қалады» деген сияқты мақалдарда үнемі есте болатын шынайы шындық аз емес.
Қорыта айтар болсақ, қанағаттың ете білсе отбасында татулық пен тыныштық, жайдары қабақты, пейіл-береке мен ырысы артады. Адамның ойға алған істерінің өрге басып, мақсаттарының жүзеге асуының кепілі болмақ.
Қаскелең қалалық «Әзірет Омар» мешітінің имам Нұрбосынов Ғани