ЕҢ ҒАЖАП ДЕМАЛЫС — ЖАН ТЫНЫШТЫҒЫ
Қарбалас тіршілік, қауырт өмір, үсті-үстіне жамала беретін пендәуи мәселе — кез-келген адамның дегбірін қашырып, күнін дел-сал күйге, түнін уайымға салатын қытымыр нәрсе. Мұндайда жан тыныштығы, жүрек тыныштығы деген ұғымдар адамнан алыс кетіп, еңсені ауыр жүк басады. Дәл солай түзу ойларды қисынсыз қисық ойлар басқарып, рух иманнан ажырап, оны үрейге жеңдіреді. Ал, үрей — рухтың ең әлсіз тұсы. Рух әлсірегенде адам кез-келген күнәға алынғыш, кез-келген уайымға салынғыш келеді. Алла Тағаладан аманатқа алынған жан, денсаулық мұндай жүктердің бәрін көтере беруге қауқарсыз. Одан арылу үшін қайтпек керек? Жан тыныштығына кенелуге 4 кеңес:
- Алланың жолына күмәндарсыз тәуекел етіп, өзіңізді саналы түрде аманат етуге дағдыланыңыз.
Бұл жөнінде Құранда мынадай аят келтірілген: «…кім сонда тура жолыма ерсе, оларға қорқу жоқ әрі қайғырмайды» деген едік» (2:38).
Алла Тағала Адам Ата (а.с.) мен Хауа Анаға Жұмақтан түсіп, Жер бетіне барыңдар,- деп бұйырғанда былай делінген болатын: «Жаннаттан бәрің түсіңдер, Менен сендерге бір туралық келсе, кім сонда тура жолыма ерсе, оларға қорқу жоқ әрі қайғырмайды» деген едік» (2:38).
Басқа аятта Алла Тағала «Менен сендерге бір туралық келсе» дегенді былай түсіндіреді: «Негізінен иман келтіріп, iзгi ic iстегендер, намазды толық орындап, зекет бергендер, олар үшін Раббыларының қасында сыйлық бар. Оларға қорқу жоқ әpi олар қайғырмайды» (2:277)
- Алаңдауға тұратын және тұрмайтын мәселелердің аражігін айырып үйреніп, Алланың шексіз құдіретіне сенімді арттырыңыз.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқан: «Егер сендер Аллаға лайықты түрде сенім артсаңдар, онда Ол ұясынан аш кетіп, тойып келетін құсқа несібе бергендей, сендердің де несібелеріңді береді» (Тирмизи).
- Күліп жүрудің сүннет десек, өмірден мазақсыз, азғырусыз күлуге себеп іздей білу де адам жанына жылылық сыйлайтынын ұмытпаңыз. Алланың қалауымен атқан таң мен батқан күннен оптимизм іздеуге бейімделіңіз.
Кейбіреулер “мұсылман үнемі түңілген күйде жүруі керек”,-деп ойлайды, яғни, мұсылман баласы мұсылман үмбетінің нашарлап бара жатқан жағдайы және Тозақ оты туралы саруайымға салынып, үнемі алаңдаушылық күйде болуы қажет деп топшылайды. Осы жаңсақ ойдың тамырына балта шабу үшін, өзімізге бір-ақ сұрақ қоюымыз жеткілікті: Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осылай жасап па еді? Ол оптимист адам болған. Негізінде, ол бізге Алла туралы, адамдар туралы тек жақсы ойлауға кеңес берген, бұл дегеніміз оптимизмнің үлкен белгісі.
- Алла Тағала адамдарға барша жаратылыстардан өзгеше қарым-қабілет беріп, оған ерекше мәртебе берді. Соны ешқашан жадыңыздан шығармаңыз.
Сіз — адамсыз! Сізді күллі мақұлықтардан ерекшелеп тұратын ғажайып ұғым бар, ол — көңіл. Дүниелі адамдар өзінің мүлкін қалай қорыса, адамдар да өзінің кеуілін солай қорып, қымбат санауы керек. Кеуілге түскен жара еш дәрі-дәрмек емдей алмайтын, тек, иманмен сауығатын асыл ұғым. Сол үшін оған ерекше құрметпен қарап, пендешіліктерден арашалай алу керек.
Алла Тағала кең, жомарт, кешірімді. Уайым түбі — құрдым. Уайымға салына бермеңіз, Алланың ерекше мейірімне үміт артыңыз. Қайғыдан қашыңыз, үрейден қорқыңыз. Бұл жалған тіршіліктің өлімнен өзге мәселенің шешімі бар. Санап берілген тағдырыңызды тұзаққа салмаңыз!
Н.Тілендиев ауылы, «Сманқұл» мешітінің имамы
Сакен Еншібайұлы
(фото интернеттен)