Аллаға деген шынайы махаббат – мұсылманның сипаты
Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!
Алла Тағала Құранда: «Иман келтіргендер Алланы бәрінен артық жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 165-аят); «Алла оларды жақсы көреді және олар да Алланы жақсы көреді» («Мәида» сүресі, 54-аят) деп шынайы мұсылмандардың сипатын баяндайды. Әнәс ибн Маликтен келген риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде үш қасиет болса, ол иманның ләззатын алады: Алла мен Пайғамбарды өзгелерден артық жақсы көру; адамды тек Алла үшін жақсы көру; Алла өзін күпірліктен құтқарғаннан кейін күпірлікке қайтуды отқа тасталғандай жек көру».
Алланы сүю дегеніміз – Оның ұлылығын мойындау, мінсіздігі және барлық кемшіліктерден таза екенін білу, сонымен бірге Оған мойынсұну, Оның бұйрықтарын орындау және тыйым салған нәрселерден сақ болу, Оның рақымынан үміт етіп, жазасынан қорқу, елшілеріне сену және оларды да жақсы көру. Ақылды адамның махаббаты әрқашан Алла Тағалаға бағытталуы керек. Өйткені Алла Тағала – абсолютті және шынайы кемелдіктің Иесі. Сондықтан, барлық нәрсені және бүкіл ғаламды Алланың жаратқанын білетін, Оның мейіріміне, қамқорлығы және ақырында Оған қайтатынын сенетін адам баласы кез-келген жағдайда Оған өз сүйіспеншілігін бағыттауы тиіс.
Осыны жіті түсінген Абай атамыз өзінің бір өлеңінде:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті», – деп бізге өсиет айтады. Махаббат біздің жүрегімізде жасырылғандықтан, Жаратушы Аллаға құлшылық етуіміз, Оның бұйрықтары мен әмірлерін орындауға барынша тырысуымыздың өзі – осы махаббаттың жемісі болып саналады.
Сондай-ақ, Алла Тағаланы жақсы көрудің бірден бір көрінісі – Оның пайғамбарының соңынан еру екендігін ұмытпағанымыз жөн. Демек біз екі дүние сұлтаны Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген нәрсені қабылдап, оның жолымен жүруіміз керек.
Алла баршамызға Өзін жақсы көретін құлдарынан болуды жазсын! Әмин!
Әзім Сатыбалдыұлы,
Алматы облысы Кеген ауданының бас имамы